Асланбек Шымбергенов ұлттық құрамаға оралады

Бокстан еліміздің құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов тараздық боксшы Асланбек Шымбергеновтың қайта жаттығуға кіріскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Журналист Қанат Байұзақовқа берген сұхбатында бапкер қараша айында ел біріншілігінде Шымбергенов жүлдеге ие болса, құрамаға оралатынын жеткізді.
«Асланбек біртіңдеп жаттығуға кірісті. Енді қараша айында өтетін Қазақстан чемпионатында жүлдегерлер қатарына қосылса, қайта ұлттық құрамаға оралады. Әзірше ол ұлттық құрама қатарына енбеді. Биылғы оқу-жаттығу жиындарына қатыспады. Бірақ өз облысында кішігірім турнирлерде бой көрсетіп жүр деп естідім», - деді бас бапкер Қайрат Сәтжанов.
Асланбек Шымбергенов былтыр Париж Олимпиадасында 71 келіде сынға түсіп, алғашқы жекпе-жегінде Иордания боксшысынан жеңілді. Ол 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында чемпион атанған. Сондай-ақ, Азия Ойындарына екі рет қатысып, күміс және қола жүлде еншіледі.