Италиялық клуб Анчелоттиді қайта шақырмақ
Италиялық «Рома» клубының иелері Фридкиндер қазіргі таңда Карло Анчелоттиді командаға қайтару үшін белсенді түрде әрекет етуде. Бұл жағдай 2021 жылы Жозе Моуриньоны бапкерлікке шақырған кезеңді еске салады.
Өткен маусымда үш түрлі бапкер ауыстырған (Де Росси, Юрич, Раньери) және Чемпиондар лигасына жолдама үшін күресе алмаған «Рома» жобасына тың серпін беруді көздейді. Клубтың жоспары – тәжірибелі жаттықтырушы шақырып, командаға бұрынғы деңгейін қайтару. Бұл мақсатта Анчелотти басты үміткер саналып отыр.
AS басылымының мәліметінше, Фридкиндер Анчелоттимен жеке байланысып, оны көндіруге тырысуда. Ұсыныс қаржылық тұрғыдан да, спорттық мақсаттар жағынан да ауқымды. «Рома» еуропалық футбол элитасына қайта оралу үшін бар күшін салуда, ал бұл міндетті Анчелотти секілді білікті маман жүзеге асыра алады.
Анчелотти мен «Рома» арасындағы тарихи байланыс
Итальяндық маман 1979-1987 жылдар аралығында «Рома» сапында ойнап, 227 матчқа қатысып, 17 гол соққан. Ол клубпен бірге төрт рет Италия кубогын және аңызға айналған Скудеттоны жеңіп алған. Анчелотти бұрын бірнеше рет «Ромаға» деген ерекше ықыласын білдіріп, клубтың бір бөлігі болғанына мақтанатынын айтқан.
Желтоқсанда берген сұхбатында ол: «Мен «Реалда» өзімді өте жақсы сезінемін. Мұнда барымды салып жұмыс істеп жатырмын. Клаудио Раньери – менің жақын досым, ол тамаша бапкер. «Рома» жайлы тамаша естеліктерім бар, бірақ қазір болашақты ойлағым келмейді. Менің «Реалмен» екі жылдық келісімшартым бар, бірақ кез келген келісімді ұзартуға да, тоқтатуға да болады» – деген еді.
Анчелоттиді көндіру оңай болмайды
Анчелоттидің басты мақсаты – «Реалда» жұмысын жалғастыру. Ол Мадридтік клубтан кейін бапкерлік мансабын аяқтауы мүмкін. Дегенмен, «Рома» бұл мүмкіндікті қолдан жібермеуге тырысып жатыр.
Барлығы Флорентино Перестің шешіміне байланысты болмақ. Егер «Реал» клубы келісімшарт мерзімі аяқталмай жатып Анчелоттимен қоштасуды жөн көрсе, онда «Рома» өз арманына жақындай түсуі мүмкін. Қалай болғанда да, римдік клубтың басты мақсаты – Анчелоттиді «Олимпикоға» қайтару.