Волейболдан Қазақстан чемпионатында «Жетісу» көш бастады
Петропавл қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының үшінші турында орталық матч «Берел» (Өскемен) мен «Жетісу» (Талдықорған) арасында болды, деп хабарлайды Prosports.kz
Осыған дейін Ришат Гилязутдинов жаттықтыратын өскемендіктер жеңіс саны (19) жөнінен алда тұрса, 18 ойында ұтқан Марко Гршичтің шәкірттері ұпайды ең көп (56) жинаған команда еді.
Талдықорғандықтар кездесуді сәтті бастады – 25:23. Олар екінші кезеңде 24:21 есебімен алда тұрды. Бірақ сол мүмкіндіктерін пайдалана алмай, есе жіберіп қойды – 26:28.
Үшінші сетті өскемендіктер өз есебіне жазды – 25:23.
Төртінші кезеңде «Жетісу» таразы басын аударды – 26:24.
Содан кейін бесінші партияда дес берген жоқ – 15:9.
Жалпы есеп – 3:2, талдықорғандықтардың пайдасында.
«Жетісудан» Карина Денисова, «Берелден» Кристина Белова үшінші турдың үздік ойыншысы атанды.
Осылайша, жеңіс санын 19-ға жеткізіп, 58 ұпай жинаған талдықорғандықтар турнир кестесінде көш бастады.
Өскемендіктер 55 ұпаймен екінші орында қалды.