Елдос Сметов жаттығудан оқуға көшті
Жақында ғана Лондонға аттанған Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов тіл үйренуге кіріскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Prosports.kz
Белгілі дзюдошының сөзінше, ол тұманды Альбионға табаны тиген соң екінші рет сабаққа барып үлгерген. Бұл туралы спортшы әлеуметтік желіде оқу барысынан фото сурет жариялады. Балуан алдағы 4 ай бойы ағылшын тілін терең меңгеруді көздеп отыр. Бұған оның шетелдік әріптестерімен сөйлесе алмауы себеп болған.
Спортшы өткен жылы Париж Олимпиадасында чемпион атанған күні кешкілік банкет кезінде шетелдік әріптестерінің құттықтауын түсіне алмаған. Әрі олармен мүлде тілдесе алмауынан кейін ол осы уақытқа дейін уақытын зая кетіріп, ағылшын тілін үйренбегеніне налыған. Осыдан кейін ол шетел асып, тілді еркін меңгеруге бел буған көрінеді.
Елдос Сметов 60 келіде үш рет Олимпиада ойындарынан жүлде алды. Ол Риода күміс жүлдегер атанса, Токиода қола иеленді. Ал Париждегі додада 5 белдесу өткізіп, барлығында жеңіске жетіп, алтыннан алқа тағынды.