Спорт министірі Галбадрах Отгонцэцэгке қатысты өз ойын айтты
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов дзюдошы Галбадрах Отгонцэцэгтің Қазақстан азаматтығынан бас тартуына қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Әлем аренасында табысты өнер көрсетіп жүр. Біз федерациямен сөйлестік. Спортшының отбасы, түп-тамыры - Моңғолияда. Ол Олимпиада ойындарының жүлдегері болды. Өзі қатысқан жарыстардың бәрінен медаль алып берді. Осының арқасында бұл салмақта біздің қыздар арасында да бәсекелестік артты. Спортшы енді өз құрамасымен жұмысын жалғастырады. Мұндай тәжірибе бар. Басқа елден тартылатын спортшылар жөнінде бұрын да мәселелер көтерілген. Алдағы уақытта біз отандық спорт мектебінің спортшыларымен жұмыс істейміз. Енді өз кадрларымызды дайындаймыз», – дейді Ербол Мырзабосынов.
Естеріңізде болса, 2016 жылғы Олимпиада ойындары алдында еліміздің азаматтығын алған моңғолиялық спортшы атажұртының азаматтығын қайтарғысы келетінін айтқан.