Дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов жаттығуға кірісті
Дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов жаттығуға кірісті, деп хабарлайды Prosports.kz
Бұл туралы белгілі әзілкеш, спортшының жақын досы Біржан Шөппай бейнежазба жариялады.
«Құрметті достар! Бүгін аңыз спортшы Елдос Олимпиададан кейін қызу жаттығуға кірісті. Жаттығудан бірге шықтық. Біржола кірісті. Бұйырса, төртінші рет Олимпиадаға барып, жүлде алады. Ол кезде 35-36 жаста болады екен», - деді әзілкеш.
Бұған дейін Елдос Сметов жаттығуға әзір кіріспейтінні атап, қаңтар айының соңында ағылшын тілін үйрену үшін Лондонға ұзақ уақытқа баратынын айтқан еді. Ал ұлттық құрама сапына 2026 жылдың басында қосылуды көздейтінін, сондай-ақ, жарыстарға да сол уақытта қатысуды жоспарлап отырғанын сауалдарға жауап кезінде атаған болатын.
Елдос Сметов 60 келіде үш рет Олимпиада ойындарынан жүлде алды. Ол Риода күміс жүлдегер атанса, Токиода қола медаль алған болатын. Ал Париждегі додада 5 белдесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті.