Волейбол: Қазақстан чемпионатының матчтары өтті
Өскемен қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының екінші турында сейсенбі күнгі матчтар мәресіне жетті, деп хабарлайды Prosports.kz inform.kz-ке сілтеме жасап.
Ришат Гилязутдинов жаттықтыратын «Берел» (Өскемен) өз алаңында маңызды кездесулердің бірін «Қуанышпен» (СҚО) өткізді.
Кеше өскемендіктер «Жетісу» (Талдықорған) клубынан жеңіліп қалғандықтан, бүгін алаңға ширығып шықты.
Ал Азамат Есімовтің шәкірттері бұған дейін қатарынан сегіз рет жеңіске жеткен еді.
Ойынды солтүстікқазақстандықтар сәтті бастағанымен, өскемендіктер тез жинала білді — 25:23, 25:16. Дегенмен тартысты өткен үшінші және төртінші сетте «Қуаныш» есе қайырды — 28:26, 25:21. Бірақ шешуші, бесінші партияда өскемендіктер жеңісті жұлып алды — 15:11. Қорытынды есеп — 3:2.
Көш бастап келе жатқан «Жетісу» ел чемпионы «Тұранды» (Түркістан) 3:0 (25:20, 25:19, 2520) есебімен тізе бүктіріп, ұпай санын 35-ке жеткізді. 33 ұпаймен «Берел» екінші, «Қуаныш» (30 ұпай) үшінші орында тұр.
Төртінші сатыдағы «Қарағанды» елордалық «Ару-Астанадан» айласын асырды — 3:0 (25:21, 25:14, 25:19). Қарағандылықтардың да 30 ұпайы бар.
«Алматы» көш соңындағы Павлодардың «Ертісін» қапы қалдырды — 3:0 (25:14, 25:19, 25:13).
Дүйсенбі күні «Тұранмен» кездесуде оралдық «Грация KZ» командасының негізгі ойыншыларының бірі Элина Надыршина жарақат алып қалды. Батысқазақстандықтар бұл жолы турнир кестесінде алтыншы орында келе жатқан «Ақтөбеге» есе жіберді — 1:3 (23:25, 22:25, 25:18, 20:25).