«Барыстан» 397 млн теңге алған хоккейші жаңа клуб тапты
«Барыстың» бұрынғы қақпашысы Эдди Паскуале Италияның «Пустерталь» клубымен келісімшартқа отырды, деп хабарлайды Prosports.kz
Естеріңізде болса, биылғы шілде айында «Барыс» 33 жастағы канадалық хоккейшімен келісімшартты бұзып, 67 млн теңге көлемінде өтемақы төлеген. Негізі екеуара келісім 2025 жылға дейін жасалған болатын.
Журналист Михаил Зислис канадалықтың Мәскеудің «Динамо» клубына ауысуы мүмкін екендігін жазған, алайда бұл ұжым голкипердің ауыр мінезіне байланысты оны қатарына қосудан бас тартты.
Былтырғы маусымда Эдди Паскуале ҚХЛ тұрақты чемпионатында 36 матчқа қатысып, 330 млн теңге табыс тапқан. Яғни өтемақыны қоса есептегенде елордалық ұжым оған кемінде 397 млн теңге төледі.
Лигада Торонто тумасы барлығы 239 матчқа қатысып, 110 кездесуде жеңіске жетті. Ал соққыларды қайтару көрсеткіші 92,2 пайызды құраған. «Барыстан» бөлек ол «Металлург» және «Локомотив» командаларында ойнаған.