«Барыс» өз алаңында «Нефтехимиктен» жеңілді
26 қыркүйекте елордалық «Барыс» ҚХЛ тұрақты чемпионаты аясында кезекті матчын өткізді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Қазақстандық клуб өз алаңында Нижнекамскінің «Нефтехимик» командасын қабылдап, 3:6 есебімен жеңіліп қалды.
Қонақтар сапынан Дамир Жафяров, Григорий Селезнев, Герман Точилкин, Александр Петунин, Артур Тянулин және Севастьян Соколов шайба соқты. Ал «Барыстың» гол авторлары — Гарретт Пилон, Семен Симонов және Әлихан Өмірбеков.
Сегіз матчтан кейін елордалық команда 10 ұпай жинады. «Барыс» Шығыс конференциясында төртінші орында тұр. Ал тоғыз кездесуде 13 ұпай еншілеген «Нефтехимик» бірінші орында келеді.
Нижнекамск клубымен кездесуге дейін Михаил Кравец шәкірттері бес рет жеңіске жеткен еді. Қазақстандық команда «Сібірді» — 7:1, «Салават Юлаевты» — 8:6, «Ладаны» — 6:0, «Локомотивті» — 5:0, ал Мәскеудің «Динамосын» 4:1 есебімен жеңген.
«Барыс» келесі матчын 27 қыркүйекте өткізеді. Елордалық команда тағы да өз алаңында ойнап, СКА-ны қабылдайды. Кездесу Астана уақытымен 17:00-де басталады.