«Адмирал» қақпашысы ауыр жарақат алып, Бояркиннің бәсекелесі қатардан шығып қалды
Владивостоктың «Адмирал» клубында өнер көрсететін беларусь қақпашысы Иван Кульбаков Ярославльдің «Локомотивіне» қарсы матчта ауыр жарақат алды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Осылайша, астаналық «Барыстың» бұрынғы қақпашысы Никита Бояркин «Адмирал» қақпасының негізгі орнын сарапқа салған басты бәсекелесінен айырылды.
Сонымен қатар, Олег Браташ матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Кульбаковтың жарақатының ауыр екенін растады.
«Кульбаков шынымен де ауыр жарақат алды», – деді ол.
Кульбаков жарақат алғанға дейін де Владивосток клубының жанкүйерлері мен сарапшылар екі қақпашының шеберлігі шамалас екенін айтқан. Кейбір көрсеткіштер бойынша Бояркиннің әріптесінен басым түскені де атап өтілген.
Қақпашылардың статистикасы:
Кульбаков – 5 ойын. Қақпасына 137 соққы бағытталған, оның 128-ін қайтарды (93,4%). 9 шайба жіберіп алды. Сенімділік коэффициенті – 1,96.
Бояркин – 4 ойын. Қақпасына 103 соққы бағытталған, оның 98-ін қайтарды (95,1%). 5 шайба жіберіп алды. Сенімділік коэффициенті – 1,42.