Қуат Хамитов кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті
Алматыдағы бокс кешінде ММА файтерлері Қуат Хамитов пен Нұрберген Шәріпов кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуін өткізді.
28 қыркүйекте Алматыда All Stars Boxing кешінде қазақстандық аралас жекпе-жек шеберлері Қуат Хамитов пен Нұрберген Шәріпов кездесті. 6 раундқа жоспарланған бұл кездесуде Қуат Хамитов төрешілердің бірыңғай шешімімен жеңіске жетті.
Бокс кешінің басты оқиғасы Данияр Елеусінов пен филиппіндік боксшы Джо Нойнай арасындағы жекпе-жек болады. Еске салайық, Қуат Хамитов 11 мамырда RCC 19 турнирінде ресейлік файтер Александр Шлеменкомен жекпе-жекке шыққан еді. Кездесу орта салмақ дәрежесінде (83,9 кг) өтті және үш раундқа созылды.
Бұл бәсекеде қазақстандық файтер төрешілердің шешімімен есе жіберген болатын. Ал Нұрберген Шәріпов ММА-де 15 жекпе-жек өткізіп, 11 жеңіске жетіп, 3 рет жеңіліс тапқан. Бір мәрте тең нәтиже тіркеген.