US Open: Андрей Голубев бастапқы кездесуін сәтті өткізді

Қазақстандық Андрей Голубев Нью-Йоркта жұптық сында АҚШ ашық чемпионатында бастапқы кездесуін сәтті өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші ресейлік Роман Сафиуллинмен бірге алғашқы айналымда осы жарысқа арнайы шақырту алған америкалықтар Александр Ковачевич – Николас Морено-Де-Альборанмен шеберлік таластырды.
Қазақстандық-ресейлік жұп бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта 6:4, 6:3 есебімен жеңіске жетті.
А.Голубев пен Р.Сафиуллин үшінші айналымға шығу үшін чемпионаттың алтыншы ракеткалары болып тіркелген үндістандық Рохан Бопанна – аустралиялық Мэттью Эбденмен таласады.
Осылайша, АҚШ ашық чемпионатында жұптық сында Қазақстаннан Анна Данилина мен Андрей Голубев жарысты жалғастыруда.
Ал жекелей сында Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина үшінші айналымда 2 қыркүйек күні таңға қарай рейтингте 30-орында тұрған тәжірибелі румыниялық теннисші Сорана Кырстямен кездеседі. Оны жеңсе, Елена алғаш рет АҚШ ашық чемпионатының төртінші айналымына шығады.