Әлем чемпионаты: Су добынан Қазақстан әйелдер құрамасы Израильге есе жіберді
Жапонияда өтіп жатқан су добынан әлем чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы алғашқы кездесуінде Израильге есе жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлем чемпионаты 16-28 шілде аралығында Жапонияда өткізіледі. Дүбірлі дода биыл он алтыншы мәрте жалауын көтерді.
Қазақстан әйелдер құрамасы В тобында сынға түседі. Қарсыластары - Испания, Израиль және Нидерланд.
Алғашқы кездесуінде ел құрамасы Израильге 6:17 есебімен есе жіберді.
Енді олар 18 шілдеде Нидерландпен, 20 шілдеде Испаниямен шеберлік байқасады.
Қазақстан әйелдер құрамасы биыл оныншы мәрте әлем чемпионатында бақ сынап отыр. Әзірге ең жоғары жетістігі - 2001 жылғы сегізінші орын.
Сондай-ақ, дүбірлі додада еліміздің ерлер құрамасы А тобында АҚШ, Австралия, Грекиямен сынға түседі. Олар 17 шілдеде АҚШ, 19 шілдеде Грекия, 21 шілдеде Австралиямен шеберлік байқасады.