Энтони Камара: ҚХЛ – деңгейі өте жоғары лига
Канадалық шабуылшы Энтони Камара ҚХЛ-ға қайта оралды. Хоккейші «Адмирал» клубымен келісімшартқа қол қойып, команда сапына қосылды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бұған дейін «Нефтехимик», «Барыс» және «Лада» командаларында өнер көрсеткен форвард Еуропадағы жайлы өмірін тастап, Қиыр Шығыстағы тығыз ойын кестесіне оралуына не себеп болғанын айтты.
Камараның ҚХЛ-ға қайта оралуына басты себеп – хоккейдің жоғары деңгейі және әлемдегі ең мықты лигалардың бірінде ойнауға деген қалауы. Оның айтуынша, бұған дейінгі маусымдардағы тәжірибесі Қиыр Шығысқа байланысты ұзақ сапарларға бейімделу кәсіби хоккейшінің жұмысының бір бөлігі екенін түсінуге мүмкіндік берген.
Канадалық шабуылшы жаңа командасында ұзақ уақыт бейімделіп жүрген жоқ. «Адмирал» сапында тұрақты чемпионаттағы алғашқы төрт ойында 2 (1+1) ұпай жинады.
– Өткен маусымды Германияда өткіздіңіз. Оған дейін «Лада», «Нефтехимик» және «Барыс» сапында ойнадыңыз. ҚХЛ-ға не себепті қайта оралдыңыз?
– Бұл деңгейі өте жоғары лига. Мұнда бәсекелестік жоғары, мықты ойыншылар көп. Маған осы бәсекелестік ұнайды. Оның үстіне, мұндағы ойын мәнері маған өте сәйкес келеді.
– Алайда Қиыр Шығыста орналасқан клубты шетелдік хоккейші үшін ерекше таңдау деуге болады. Неліктен дәл «Адмиралға» ауысуды шештіңіз?
– Бұл мен үшін тамаша мүмкіндік. Біздің жақсы командамыз бар деп ойлаймын. Сонымен қатар мен алыс сапарлардан, жаңа жерлерге барып, әлемді, соның ішінде Ресейді танып-білуден қорықпаймын. Бұл да шешіміме әсер етті.
– Сіз Солтүстік Америка мен Германиядан бөлек, Чехия және Швецияда да ойнадыңыз. Сол тәжірибеңіз туралы не айта аласыз? Әр елдегі ойын стильдерінің айырмашылығы қандай?
– Иә, мен көптеген елде ойнадым. Ресейдегі хоккейдің маған ұнайтыны – мұнда мұз айдынының көлемі кішірек, сондықтан жақсы физикалық дайындық пен жылдамдық қажет. Еуропада қорғанысқа көбірек көңіл бөлінеді. Жалпы, Ресейдегі ойын стилі маған көбірек ұнайды. Себебі бәсекелестік деңгейі мен талантты ойыншылардың саны жағынан бұл НХЛ-ге барынша жақын, – деп канадалық хоккейшінің сөзін «Чемпионат» басылымы келтіреді.
Айта кетейік, Камара 2023/2024 жылғы маусымда елордалық «Барыс» сапында өнер көрсетті. Ол тұрақты чемпионаттағы 34 кездесуде 18 (11+7) ұпай жинаған.