ҚХЛ клубтарға рекордтық көлемде қаржы бөлмек
10 қыркүйекте Құрлықтық хоккей лигасының Директорлар кеңесінің отырысы өтіп, онда ҚХЛ-ды дамытудың жаңа стратегиясы бекітілді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Отырыс аяқталғаннан кейін ҚХЛ президенті Алексей Морозов журналистерге ұйымның негізгі шешімдері мен алдағы жұмыс бағыттары туралы айтып берді.
Морозовтың сөзінше, бір күннің ішінде Директорлар кеңесінің бұрынғы құрамдағы отырысы, құрылтайшылардың жалпы жиналысы және жаңартылған құрамдағы Директорлар кеңесінің отырысы өткен.
Басты шешімдердің бірі клубтарға бөлінетін қаражат көлемінің рекордтық деңгейге жетуі. Осы маусымда ҚХЛ қатысушылары арасында 2 миллиард 364 миллион рубль бөлінеді. Лига басшысының айтуынша, соңғы жылдары бұл көрсеткіш тұрақты түрде өсіп келеді.
Қаражатты бөлу жүйесінде екі негізгі критерий қарастырылған. Оның 30%-ы спорттық нәтижелерге, ал қалған 70%-ы клубтар рейтингі көрсеткіштеріне сәйкес үлестіріледі. Ең қомақты төлемді қазіргі ҚХЛ чемпионы «Локомотив» алады, клубқа 216 миллион рубль беріледі.
Лиганың жаңа стратегиясында хоккейшілердің медиялық танымалдығына да ерекше көңіл бөлінеді. Морозовтың пікірінше, жанкүйерлер тек командалар мен матчтарды ғана емес, көпшілікке сүйікті тұлғаға айналатын нақты хоккейшілерді де бақылауға мүмкіндік алуы керек.
ҚХЛ президенті басқа салаларда танымал әртістер, блогерлер мен медиялық тұлғалардың әлеуметтік желілерде ондаған миллион жазылушы жинап, аудиториямен жоғары деңгейде байланыс орнатып отырғанын атап өтті. Осыған байланысты Лига медиялық әлеуеті жоғары хоккейшілерді жүйелі түрде анықтап, олардың қоғам алдындағы имиджін дамытуға жағдай жасауды жоспарлап отыр.
Жаңа стратегия аясында матчдэйді, медиа бағытты және аудиториямен коммуникация құралдарын дамыту көзделген. Сонымен қатар ҚХЛ чемпионаттың спорттық деңгейін арттыру және хоккейшілерге жасалатын жағдайды жақсарту жұмыстарын жалғастырады.
«Барлық деректі ескере отырып, ҚХЛ-дың жаңа стратегиясы матчдэйді, медиа мен аудиториямен коммуникация құралдарын дамытуға, сондай-ақ ойынның спорттық құрамдасын одан әрі жетілдіруге және ойыншыларға жасалатын жағдайды жақсартуға бағытталған. Біз басты миссиямызды сақтаймыз. Адамдарға жарқын эмоциялар мен әлемдік деңгейдегі хоккей сыйлау», — деді Алексей Морозов.