Британиялық спорт шолушысы бокстан Қазақстан құрамасының капитаны туралы жазба жариялады

Британиялық бокс шолушысы Тейлор о ' Хиггинс 71 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі жартылай финалда Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов пен Үндістан боксшысы Нишант Девтің жекпе-жегіне қатысты пікірімен бөлісті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Британиялық бокс шолушысы Тейлор о ' Хиггинс Twitter-дегі парақшасында бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергеновтың соңғы жекпе-жегіне қатысты ойымен бөлісті.
- Жаңа ғана Дев — Шымбергеновтың жекпе-жегін қайта қарап шықтым. Бастапқыда 2:1 деген ұпайды тіркедім. Үндістан бокшысы пайдасына. Шымбергенов бірінші раундта белсенді болмады, аз соққылар жасады.
Қазақ екінші раундта айқын жеңіске жетті, бірақ менің ойымша, Дев үшінші раундта әсерлі соққылар жасады. Дегенмен, соңғы раунд болғандықтан, менің ойымша, ең мықтысы жеңіске жетті. Нәтижеге қатысты проблема жоқ. Шымбергеновтың проблемасы - ол соққы жасалғанда үнемі тікесінен тікке кері шегінеді. Сондықтан өзі бірнеше рет ұсталып қалды.
Ол бұғу, шегіну кезінде бұрыштарды көбірек өзгертуі керек. Ол кейде шыдамсыз Девты сол жақтан жасалған хукқа түсіре алғанымен, оның орнына тіке шабуыл жасап, қиын жағдайдан оңай шығудың жолын іздеген жөн болар еді, — деп жазды О ' Хиггинс Twitter-де.