ММА

«14 жекпе-жек өткіздім – титулға таласатын кез келді!». Жұмағалиев Mergen FC белбеуін сарапқа салады

«14 жекпе-жек өткіздім – титулға таласатын кез келді!». Жұмағалиев Mergen FC белбеуін сарапқа салады
news-banner7
mobile-news-top

16 наурызда Атырауда Mergen FC 4 турнирі өтеді. Кеш аясында ең жеңіл салмақта қазақстандық Талғат Жұмағалиев (9-4-1) пен 25 жастағы ресейлік файтер Джохар Эскиев (9-3) кездеседі.

Жұмағалиев Prosports.kz тілшісіне мансабындағы алғашқы чемпиондық жекпе-жегі жайлы айтып берді

– Талғат, 16 наурыздағы кездесу алдындағы жаттығуыңыз қалай өтті? 

– Жаттығуды екі ай бұрын Ақтөбедегі «Еркін күш» клубында бастадым. Қалған жаттығу өзіміздің Жылыойда Mergen Fight Club-ында «Атырау Панкратион» залында өтті.

– Қателеспесем, бұл мансабыңыздағы бірінші титулды жекпе-жек. Мұндай жауапкершілік сізге қысым түсірмей ме?

– Иә, мансабымда алғаш рет титулды жекпе-жек өткізгелі отырмын. 2019 жылы NFC чемпионы атағы үшін кездесу өткізуім керек еді, бірақ белгілі жағдайларға байланысты ол кездесуге шықпадым. Кәсіпқой мансабымда 14 жекпе-жек өткіздім, титулға таласуға лайықтымын деп ойлаймын. 

– Қарсыласыңыз Джохар Эскиев жайлы не айтасыз?

– Менің ойымша, Джохар жақсы күресетін, физикалық дайындығы мығым файтер сияқты.

– Дайындық кезінде қарсыласыңыздыңй осал тұсын анықтай алдыңыз ба?

– Көбірек жасайтын 1-2 фишкасы бар екен, қазірше оны айтпаймын. Командаммен бірге соларды талқылап, жекпе-жек барысында пайдаға асыруға тырысамыз.

– Эскиев кейінгі бес жекпе-жектің бірінде ғана жеңілді. Бұл ресейлік файтердің бабында екенін білдіре ме?

– Иә, титулға таласуға мүмкіндік алып отырса, демек соған лайық спортшы деген сөз. 

– Сіз кейінгі кездесуде тең түстіңіз. Бұл жолы жекпе-жек нәтижесін төрешілер шешіміне жеткізбей шешуге тырысасыз ба?

– Толық бес раунд жекпе-жек өткізгім келеді. Өзімді тексеріп көру ойымда бар. Ұпай санымен жеңіске жетуді жоспарлап отырмын.

– Бұл жекпе-жекте кім фаворит деп ойлайсыз?

– Біздің кездесуде фоворит жоқ, мүмкіндігіміз 50/50 деп ойлаймын.

– Жекпе-жекте не шешуші рөл атқаруы мүмкін?

– Қол немесе аяқпен жасалған ауыр соққы.

– Жекпе-жек Атырауда өтеді, бұл сіздің жеңіске жету мүмкіндігіңізді арттыра ма?

– Білмедім, көптеген қалада жекпе-жек өткіздім, маған кездесу қай қалада болғаны маңызды емес. Дайындық жақсы болса болды деп ойлаймын.

– Жекпе-жек алдында жанкүйерлерге не айтасыз?

– Бізді қолдауға келіңіздер. Президент Медет Қожахметов бастаған Mergen FC лигасын қолдаңыздар. Бізге мұндай мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамыз. Әрқашан бізбен бірге болған жанкүйерлерге рақмет. Баршаңызды 16 наурыз күні «Жайық» СК аренасында күтемін.

Фото: Mergen FC 4

Mergen FC лигасының ресми серіктесі - UNDERDOG спорт агентігі

Алдағы жекпе-жек кешінің билетін ticketon.kz сайтынан алуға болады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0