Дзюдо

Үш дүркін Олимпиада чемпионы Тедди Ринер Қазақстанда жаттығып жатыр

Үш дүркін Олимпиада чемпионы Тедди Ринер Қазақстанда жаттығып жатыр

Франциялық аңыз дзюдошы Тедди Ринер Қазақстанда оқу-жаттығу жиынына қатысып жатыр, деп хабарлайды Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметі.

Дзюдодан Қазақстан ерлер және әйелдер ұлттық құрама командалары жаңа маусымды бастады. Жылдың алғашқы оқу-жаттығу жиындарын қос құрама Алматы қаласы және Алматы облысында өткізіп жатыр.

Аталған жаттығу жиыны Франция дзюдо федерациясымен бірлескен оқу-жаттығу жиыны болып саналады.  Отандық дзюдошылардың шеберлігін шыңдау және тәжірибе алмасу мақсатында үш дүркін Олимпиада чемпионы, 11 дүркін әлем чемпионы, бес дүркін Еуропа чемпионы, Францияның аңыз дзюдошысы Тедди Ринер Қазақстанға келді.

Алматы қаласында Дзюдо академиясында ауыр салмақтағы татами шеберлері жаттығуын өткізіп жатыр, ал Алматы облысындағы «Жаңашар» Олимпиадалық даярлау орталығында Қазақстан құрамасының 100-ге жуық спортшысы шеберліктерін шыңдауда.

Оқу-жаттығу жиынына 2022 жылғы ел чемпионатының нәтижесі бойынша жасақталған Қазақстан құрамасының дзюдошылары шақырту алған.

Айта кетерлігі, аталған жаттығу жиыны Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов, әйелдер құрамасының бас бапкері Ерлан Алпысбаев, франциялық жаттықтыпушы-кеңесшілер Ксавье Монденкс және Стефан Трайно жетекшілігімен өтуде.

Оқу жаттығу жиыны 22 қаңтарға дейін жалғасады.

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0