Теннис

Теннистен Польшамен матчта жеңіс үшін барымызды саламыз – Юрий Польский

Теннистен Польшамен матчта жеңіс үшін барымызды саламыз – Юрий Польский

Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский командалық әлем чемпионаты – Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңіндегі ұлттық құрама өнеріне өз бағасын берді, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

- Юрий Федорович, Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионаты финалдық кезеңінің топтық бәсекесінде алғаш рет ойнады. Команда алдына қойған міндетті орындады ма?

- Күтпеген нәтижелер тіркелді. Бірінші матчта корт қожайыны – Ұлыбритания құрамасын ұттық. Сосын тартысты өткен кездесуде Испанияға жол бердік. Соның салдарынан шаршап қалған испаниялықтар келесі күні Ұлыбританиядан тас-талқан болып жеңілді. Сөйтіп британиялықтар жартылай финалға жолдама алды. Ұлыбритания ұйымдастырушы ел ретінде турнирге арнайы шақырту алды. Ал біз іріктеу сайысында күшті Германия құрамасын ұтып, финалдық кезеңге шыққан 12 елдің қатарына қосылдық. Бұл – спорт, алдағы жылы бұдан да мықты болып ораламыз.

- 2023 жылғы әлем чемпионатының жеребесі тартылды. Қазақстанғ іріктеу сайысында Польшамен ойнайтын болды. Жеребе нәтижесіне ризасыз ба?

- Осал қарсылас жоқ. Бізге әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентек бастаған Польша құрамасы тап болды. Дегенмен И.Швентекті Елена Рыбакина жеңеді деп ойлаймын. Польшаның екінші ракеткасы Магда Линетт әлемдік рейтингте қазір 49-орында тұр. Оған қоса жұптық сында ойнайтын теннисшілері де мықты. Әрине, біз өз елімізде өнер көрсетеміз, мұның артықшылықтары бар. Польшамен командалық деңгейде ойнап көрген жоқпыз. Бірақ теннисшілер өзара кездесіп жүр. Түрлі бірлескен жиындарды өткізу бағытында Польша теннис федерациясымен тығыз байланыстамыз. Олардың теннисшілері бізге келеді, біздің спортшылар Польшаға барады. Матчты асыға күтеміз.

- Польшамен матч Астана әлде Алматыда өте ме?

- Ұлттық құрама бәсекелерінің бәрін Астанадағы басты теннис аренасында өткізіп жүрміз. Ұлтты теннис орталығы жағып тұр. Онда ерлер және әйелдер құрамасы 18 матч өткізсе, соның біреуінде ғана қарсыласқа есе жібердік. Жанкүйерлер де көбірек келіп, ұлттық құраманы қолдайды деп сенеміз.

- Әңгімеңізге рахмет, табыс тілейміз.

Еске салайық, Қазақстан – Польша матчы алдағы жылы 14-15 сәуір күндері өтеді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0