Дзюдо

Дзюдодан Қазақстан құрамасы франциялық мамандармен жұмыс істей бастады

Дзюдодан Қазақстан құрамасы франциялық мамандармен жұмыс істей бастады

Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрама командалары бүгінде Азия чемпионатына қызу дайындалуда. Құрлықтық бәсеке қарсаңында ұлттық құрамаға франциялық мамандар қосылды.

Ксавье Монденкс менСтефан Трайно тек қана ересектер құрамасымен емес, жасөспірім және жастар командаларымен де арнайы бағдарлама аясында бірге жұмыс істейтін болады. Бұл туралы дзюдо федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазіргі таңда дзюдо Францияда өте қатты дамыған, нөмірі бірінші спорт болып табылады.. 2022 жылды қоса алғанда, франциялық дзюдошылар Олимпиада, әлем чемпионаттары мен әлемдік жарыстар нәтижесі бойынша Жапонияны басып озып, бірінші орында тұр. Былтырғы Токиода өткен Олимпиада ойындарында Франция құрамасы Жапонияны финалда ірі есеппен (4:1) жеңіп, аралас командалық есепте Олимпиада чемпиондары атанды.

Қазақстанға келген қос маман осы уақытқа дейін дзюдодан Франция құрамасында жаттықтырушы қызметтерін атқарған. Біреуі спортшылардың физикалық дайындығына жауапты болса, екіншісі жалпы құраманың жүйелі жұмыс істеуіне, құраманың стратегиясына жауапты маман ретінде қызмет атқарған.

Бұған дейін қос маман Алматыда жастар құрамасының оқу-жаттығу жиындарына қатысып, жастармен, олардың күресімен танысты. Қазіргі таңда ерлер және әйелдер құрамасымен бірге Ақмола облысында оқу-жаттығу жиындарына қатысып, ұлттық құрама спортшыларымен жіті танысуда.

Дзюдошылар үшін осы олимпиадалық кезеңге арнайы бағдарлама дайындалған. Ксавье Монденкс менСтефан Трайно әр спортшымен жеке танысып, бекітілен бағдарлама аясында құраманың бас бапкерлерімен бірге спортшылармен жұмыс істейді.

Құрамаға шетелдік мамандарды шақыру әлемдік тәжірибеде бар дүние. Біздің бүгінгі серіктестігіміз Қазақстан дзюдосы үшін оң нәтиже береді деп сенеміз», - дейді Қазақстан дзюдо федерациясының президенті міндетін атқарушы Асхат Жіткеев.

 

Түпнұсқасы: fdk.kzОшибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0