«Астанаға» ойнауға мүмкіндік бердік, бірақ бәрібір жеңдік». Зоран Арсенич елордалықтарға қарсы матч туралы

«Ракув» командасының капитаны Зоран Арсенич Prosports.kz тілшісіне берген эксклюзив сұхбатында Конференциялар лигасы аясында «Астанаға» қарсы өткен екі ойын туралы пікірін бөлісті.
- Зоран, жеңісті ойыннан алған эмоцияларыңызбен бөлісіңізші.
- Ойын біз үшін жақсы өтті, қарсыласымызды сырт алаңда жеңе алғанымызға қуаныштымыз. «Астанаға» ойнауға мүмкіндік берген сәттер де болды, өйткені біз ірі есеппен алға шықтық. Бірақ бәрібір қарқын жоғары болды, көптеген ойыншыларымыздың жарақатына қарамастан, біз ойынды өз пайдамызға аяқтадық.

- Стадионның атмосферасы қалай?
- Атмосфера керемет болды. Жанкүйерлер саны мыңға жетпейді деп оқығанмын, бірақ ойында он мыңнан астам жанкүйер болғаны анық.
- Стадиондағы алаң деңгейіне баға беріңізші.
- Ойыншы ретінде мен табиғи алаңда ойнағанды ұнатамын. Жасандыға бейімделіп үлгеру де өте қиын. Әрине, мұнда келгенге дейін қайда ойнайтынымызды білдік, бірақ бәрібір қиын болды.

– «Астана» сапынан кімді атап өте аласыз?
– Шынымды айтсам, ойын барысында қарсыластың ойыншыларына баға беріп үлгермедім. Қарсыласты сараптау кезінде бізге Марин Томасов туралы айтқан болатын, бірақ ол ойынға қатыспады.

– Ойынды көріп отырып, сіздер босаңсып ойнағандай көріндіңіздер. Бұл бірінші ойынның нәтижесіне байланысты ма?
– Білесіз бе, өз алаңында 5:0 есебімен жеңгеннен кейін өзіңізді сабырлы сезінесің, өйткені есепте ірі басымдық бар. Бірақ біз өз деңгейімізде ойнауға тырыстық.

- Конференциялар лигасындағы келесі ойынды словакиялық «Трнаваға» қарсы өткізесіздер. Қарсыласқа қандай баға берер едіңіз?
- Мен ол команда туралы ештеңе білмеймін, тек Словакияның ең үздік клубтарының бірі екені болмаса. Польшаға жеткен кезде дайындықты бастаймыз.
Фото ашық дереккөздерден