«Қазақ Титаны»: Қай елде болмасын Қазақстан туын желбіретуге дайынмын
«Қазақ Титаны» лақап атымен танымал қара күш иесі Алмат Жұманов бағын бокста сынап көрмек. Ол 31 шілде күні Дубайда өтетін кеште Иранның алып күші Саджад Гарибимен бокс ережесі бойынша қолғап түйістіреді.
Prosports.kz тілшісі Алмат Жұмановпен хабарласып, жекпе-жегіне дайындығы жайлы мен бокстағы мансабы турасында сұрады.
- Алмат, сізді халық қара күштің иесі ретінде біледі. Wicked’N’Bad ұйымында жекпе-жек өткізу туралы ұсыныс қайдан және қашан түсті?
- Негізі бұл жекпе-жек 2 жыл бұрын өтуі қажет еді. Алайда әлемдегі коронавирус ахуалына байланысты кейінге шегеріліп, енді өткелі жатыр. Ұсыныс Wicked’N’Bad ұйымын түсті. Жекпе-жегім осы ұйым ұйымдастыратын 31 шілде күнгі Дубай қаласындағы кеште өтеді. Қазақстан туын желбіретіп, намысын бермеу үшін қай елде болсын соңына дейін күресуге дайынмын.
- Қарсыласыңыз «Иран Халкы» деген лақап атпен танымал бодибилдер Саджад Гариби. Қарсыласты өзіңіз таңдадыңыз ба әлде бірден дайын ұсыныс түсті ме?
- Дайын ұсыныс келді. Қарсыласымның кім екені де бірден белгілі болды.
- Жекпе-жек қандай форматта өтеді?
- Жекпе-жек бокс ережесімен өтеді. Екі минуттан төрт раундқа жоспарланған.
- Қателеспесем, бұл сіздің кәсіби спорттағы алғашқы жекпе-жегіңіз. Енді сізді кәсіби рингте күтеміз бе?
- Негізі мен ауыр атлетикадан рекордтар жасап жүрмін. Бірақ осы қара күшіңді дәлелде деген соң бұл ұсыныстан бас тартпадым. Ары қарай ұсыныстар түссе қарастыруға дайынмын.
- Не дегенмен бұл сіз үшін жаңа спорт түрі. Дайындықты қайда өткізіп жатырсыз?
- Ешкімнен ешқандай қолдау болмады деп айта аламын. Нақты жаттықтырушым да жоқ. Тек бауырларым мен достарым дайындығыма көмектесіп жатыр. Оған қоса Қазақстан халқының қолдау бар.
- Кәсіби боксшылармен хабарласып, ақыл-кеңес сұрадыңыз ба?
- Жоқ, сұрамадым. Ондай мүмкіндік болмады.
- Wicked’N’Bad ұйымымен келісімшарт жасастыңыз ба?
- Әзірге тек бір жекпе-жекке келісімшартқа отырдық. Тағы ұсыныс түсіп жатса, қарастыруға әзірмін.
Айта кетейік, Арман Жұманов биыл сәуір айында Ан-72 әскери-тасымалдаушы ұшағын орнынан қозғап, Гиннес рекордтар кітабына енген еді.