Көгалдағы хоккей: Қазақстан әйелдер құрамасы Азия ойындарына жолдама алды

Индонезия астанасы Джакартада әйелдер арасында көгалдағы хоккейден Азия ойындарына іріктеу турнирі аяқталды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Спортты дамыту дирекциясына сілтеме жасап.
Қазақстан мен Гонконг құрамасы барлық 6 матчтың 5-еуінде жеңіп, бір рет қарсыласқа жол берді. Екеуі де 15 ұпай жинағанымен, доп айырмасы бойынша Гонконг қыздары басым түсіп, жеңімпаз атанды. Ал біздің Ұлттық құрама күміс жүлдегер атанды. Үздік үштікті 4 ойында жеңіске жеткен Сингапур түйіндеді. Одан кейін Өзбекстан (3 жеңіс), Индонезия (2), Шри-Ланка (1), Камбоджа (барлық ойында жеңілген).
Осылайша, алдағы XIX жазғы Азия ойындарына 6 ел жолдама алды. Олар: Гонконг, Қазақстан, Сингапур, Өзбекстан, Индонезия, Шри-Ланка.
Айта кетейік, XIX жазғы құрлық ойындары биыл 10-25 қыркүйек аралығында Ханчжоу қаласында (Қытай) өтуге тиіс еді. Алайда Азия Олимпиада кеңесі (OCA) індеттің өршуіне байланысты кешенді бәсекені белгісіз мерзімге шегерді.