Бас бапкер дзюдодан ел чемпионатын қорытындылады
Дзюдодан Қазақстан командасының бас бапкері Ғалымжан Жылгелдиев Оралда өткен ел чемпионатын қорытындылап, Olympic.kz сайтына сұхбат берді. Жаттықтырушының айтуынша, ұлттық біріншілікке қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Бұл дзюдодан елішілік бәсекенің артқанын және аталған спорт түріне деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді.
«Оралдағы чемпионат өте жоғары деңгейде өткізілді. Пандемияға байланысты былтырғы біріншілікке қатысушылар саны шектелген болатын. Әр облыстан бір салмаққа екі балуаннан ғана қатыстырдық. Қазір шекара ашылып, бұрынғы қалпына қайта келіп жатырмыз. Жастар спортты, жарысты, татамиді сағынғаны көрініп тұр.
Оның үстіне, әр салмақ дәрежесіндегі спортшылар санының басымдығын көріп, көңілім марқайып қалды. Себебі, бәсекелестік бар жерде ғана нәтиже болады, жүлде келеді. Мәселен, 60 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған спортшылар саны елуден асып кетті. Барлық салмақтағы дзюдошылар саны алпысқа жуықтады, тек қана аса ауыр салмақта 25 балуан күресті. Оның өзі көп», - дейді бас бапкер.
Сондай-ақ, Ғалымжан Жылгелдиев ауыр салмақтағы балуандардың көбеюіне қазақ күресінің ықпалы бар екенін айтты.
«Бұрын дзюдодан ауыр салмақта сынға түсетін спортшылар саны тым аз болатын. Соңғы кезде қазақ күресінің кеңінен насихаталуына байланысты, түйе балуандарымыз көбейді. Ал балуандар әмбебап келетіні рас, өйткені, дзюдо, самбо және қазақ күресі бір-бірі ұқсас келеді. Биылғы Қазақстан біріншілігінде аса ауыр салмақтағы дзюдошылардың көптігін мен осымен байланыстырамын.
Бұл өте қуанышты жайт. Бүгінге дейін қазақстандық дзюдошылар ауыр салмақта әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарынан жүлде алмаған. Тек қана Универсиадада чемпион атанған Ғалымжан Қырықбай есімді спортшымыз бар. Сол олқылықтың орнын толтырғымыз келеді», - дейді Жылгелдиев.
Команда бас бапкері Елдос Сметовтің спорттық мансабына қатысты ойымен бөлісті.
«Елдос келесі Олимпиадаға дейін командада қалып, Париж ойындарында өнер көрсетемін деп отыр. Егер Сметов келесі Олимпиадаға барса, алтын алатын болса, қоржынымыздағы медальдар түгелденетін еді. Олимпиаданың күмісі мен қоласы, әлем чемпионатының алтыны бар.
Енді бізге Олимпиада алтыны жетпей тұр. Елдостан басқа да балуандарымыз жеңістің ең биік тұғырына шықса деп армандаймын. Қазақ дзюдосының дамуына үлес қосу – басты мақсатымыз», - дейді бапкер.