Бокс

Бекзад Нұрдәулетов: Кәсіпқой боксқа біржола бет бұруды шештім

Бекзад Нұрдәулетов: Кәсіпқой боксқа біржола бет бұруды шештім
news-banner7
mobile-news-top

18 қазан күні Ақтауда «Халық-Арена» спорт кешені қонақ үйінің конференц-залында баспасөз мәслихаты өтті. Оған бокстан әлем чемпионы Бекзад Нұрдәулетов қатысып, журналистердің түрлі сұрақтарына жауап берді.

Бекзад, бұған дейін кәсіпқой бағытта екі рет өнер көрсетіп едіңіз. Енді біржола кәсіпқой боксқа ауысасыз ба? Ұлттық құрамадан біржола кеттіңіз бе?
– Иә, рас. Мұның алдында екі рет кәсіпқой жекпе-жек өткізген болатынбыз. Себебі ол кезде карантин болып, ұзақ уақыт бойы жарыстар өтпей қалды. Сондықтан уақытты тиімді пайдалану үшін кәсіпқой рингке ауысқан болатынмын. Енді олимпиададан кейін біржола кәсіпқой боксқа бет бұрамын деген шешім қабылдадым. Бірақ егер әуесқой салада да еліміздің атынан жарыстарға қатысып, Қазақстан Туын көкке көтеру мүмкіндігі туып тұрса, қай кезде де бокстасуға дайынмын. Ұлттық құрама командасы шақырып жатса да, міндетті түрде барып өнер көрсетуге әзірмін.

– “ADAL Promotions” промоутерлік компаниясымен келісім-шартқа неше жылға отырдыңыз? Сізді кім жаттықтырып, дайындайды?
– Келісім-шартты үш жылға жасастық. Ары қарай екі жылға созылатын мүмкіндікпен, егер екі жақтан да келісім-шарт бұзылмаса, кәсіпқойда да бапкерім Марат Жақиев жаттықтыратын болады.


– Алдағы жекпе-жегіңіз қашан өтеді?
– Алдағы жекпе-жегім 6 қараша күні Ақтау қаласындағы «Халық-Арена» спорт кешенінде өтеді. Қарсыласым – Ресейде жаттығатын өзбек боксшысы Фаррух Джураев. Ол кәсіпқойда он бір жекпе-жек өткізіп, соның сегізінде жеңіске жеткен. Амандық болса, сол қарсыласпен шығып, бақ сынасамыз.


– Жауабыңызды жобалап тұрсам да сұрайын, әуесқой бокста орындалмай кеткен арманыңыз бар ма?
– Әуесқойдағы орындалмаған арманым – Токио олимпиадасының биік тұғырында көріну еді. Бәрі біз ойлағандай бола бермейді екен. Шүкір, жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері, ересектер арасында әлем чемпионы атандым. Мен мұнымен тоқтамаймын, ары қарай бокс қолғабымды шешпестен, кәсіпқой бағытта биіктерді бағындыруға бел будым.

Сұхбаттасқан – Айбек МҰХАНОВ,

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер