Алексей Ни допинг дауы туралы: Саясатпен айналыспаймын
Алексей Ни деген есімді естігенде екіұдай сезім қалыптасатыны жасырын емес. Ауыр атлетикадан 6 олимпиадалық кезеңге, 20-дан астам әлем чемпионатына қатысып, қаншама шәкірт тәрбиелеген. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында шәкірттерімен мүмкін болған төрт алтын жүлдені қанжығаға басып, арада төрт жыл өткеннен кейін антиқаһарман атанып шыға келген маман қазір қайда жүр? Prosports.kz тілшісі атышулы жаттықтырушымен байланысқа шықты.
- Алексей, сұрақты төтесінен қояйын. Қазақстандық зілтеміршілердің Олимпиададағы нәтижелеріне көңіліңіз тола ма?
- Екі спортшы барды, екеуі де жүлдегер атанды. Олардың қалай жаттыққанын ескерсек, нәтиже жақсы деп есептеймін. Себебі Олимпиаданы бір жылға кейінге шегерді, ол да теріс әсер етпей қоймайды. Психологиялық тұрғыда өте қиын еді. Ал Токиода Зүлфияға анық қиянат жасалды, жұлқа көтеруде де, серпе көтеруде де төрешілер есептесе де, қазылар қырын қарады. Бұл нонсенс! Көп нәрсе айтуыма болар еді, мұның себебін де білемін, бірақ дәлелім жоқ. Чиншанло Лондондағы нәтижесін қайталады, жалпы. 9 жылдан кейін тақтайтұғырға қайта оралып, жүлдегер атану оңай емес. Нағыз ердің де қолынан келе бермейді.
Сонның да қалай қатысқанын көрдім. Жаттығудағыдан да артық көтерді. Қолынан келгеннің бәрін істеді. Ол әлі жас, небәрі 22-де Олимпиадаға барып, жүлдегер атану дегеніңіз - өте жақсы нәтиже.
- Кейінгі кезде көрінбей кеттіңіз. Немен айналысып жүрсіз?
- Дәл қазір Олимпиадаға даярлау орталығының ауыр атлетика бөлімінде жұмыс істеймін. Резерв дайындаймыз. Мен бапкер-кеңесшімін. Менімен бірге мықты жас бапкерлер қызмет атқарады.
Бос уақытымды отбасыммен бірге өткіземін. 2019 жылы үшінші рет некелестім. Әйелім Виктория Ни 2020 жылдың қазан айында ұл тапты. Қазір өзімнің әкелік рөлімді атқарып жүрген жайым бар. Бірінші әйелім Владимир және Татьяна есімді балаларымды дүниеге әкелді. 2015 жылы екінші рет үйлендім. Галина, Азалия есімді егіз қыздарым бар. Үнемі байланыстамыз. Қалған өмірімді балаларыма арнағым келеді.
- Спорт тақырыбына қайта ойыссақ. Ұлттық құрамадағы спортшылардың әртүрлі турнирлерге қалай қатысып жүргенін бақылайсыз ба?
- Бәрін емес. Бірақ арасында жекелеген спортшылардың жарыстағы жолын қадағалайтыным бар. Көбімен араласып тұрамын.
- 2016 жылғы Олимпиада Нижат Рахимов топ жарды. Сол кезде әлеуметтік желілерде «#Нижат» деген хештег пайда болған еді. Бұл біріншіден, Нижат Рахимовпен байланысты болса, екіншіден «Нижат» деген сөз «Алексей Ни бізге жат, бөтеннің аты бөтен» дегенді білдіретін еді. Өзіңіз түсінгендей, 2012 жылғы допинг дауынан кейін туындаған дүние ғой. Жалпы мұндай сынды қалай қабылдайсыз? Әлеуметтік желілерді қаншалықты пайдаланасыз?
- Менің мұндайларды қарауға, оқуға уақытым да жоқ. Әлеуметтік желілердегі қаралау, жамандау жағына мүлде мән бермеймін. Өзімді ондайдан жоғары санаймын. Оқудың да, тыңдаудың да қажеті жоқ.
- Өткенге шегініс жасайықшы. 2012 жылы сіз ұлт қаһарманы атануға шақ қалдыңыз. Алайда төрт жыл өткеннен кейін жанкүйердің сізден көңілі қалды деуге болатын шығар. Сол кезде не болды өзі? Тыйым салынған заттар туралы дақпырт саясат па, әлде шынымен сіздің кінәңіз бе?
- Сұрағыңыз ұнады. Өздеріңіз білетіндей, ХОК Олимпиаданың 4 алтын жүлдесінен айырды. Мұның немен байланысты екенін білмеймін, білгім де келмейді.
Мен - бапкермін, саясатпен айналыспаймын, зерттеу жасамаймын. Оның үстіне Риодағы ойындарға да аз қалған еді ғой. Бізде мүлде уақыт болған жоқ. Не болғанын ойламадық та! Екінші құрамды жылдам дайындай бастадық. 8 адам апардық, 6 жүлдемен қайттық, Бразилиядан қайтып келгеннен кейін проблеманың өзектілігі жоғалды.
Өткенді қазбалауға зауқым да жоқ. Бұл менің ғана емес, тұтас мемлекеттің проблемасы болатын. Мен жалғыз не істей аламын?
- Үлкен спортқа қайтып келмейсіз бе?
- Жоқ. Жоспарымда жоқ. Лондон Олипиадасынан кейін-ақ кеткім келген. Жібермеді. Сол кезде өзімді сарқып біткен едім. Бұдан жоғары жетістіктің болуы мүмкін емес-ті. Әр адамның өз биігі, жұмысының бір шегі болады.
Лондондағы төрт алтын медаль көптеген елге ұнаған жоқ. Қарсыластардың не айтқанын білесіздер бе? «Былай болмайды. Сені әлем кешірмейді. Әлі-ақ өкінесің» деді.
Кетсем қашқандай боламын. Маған артыңнан басқа бапкерді дайындап кетуге, жас спортшыларды аяққа тұрғызуға кеңес бергендер болды. Ойлап қарасам, шынында дұрыс екен. Сол үшін Рио Олимпиадасын күту керек болды. Нәтижесі анау.
Үлкен спортқа қайтып келмеуімнің тағы бір себебі – отбасым. Ұлыммен көп уақытымды бірге өткізгім келеді. Қыздарыммен де бірге болуды қалаймын. Үлкен екі баламды жұмысыма байланысты қарай алмадым. Сол олқылықтың орнын толтыруым керек деп ойлаймын.
- Халықаралық Олимпиада комитеті ауыр атлетиканы төртжылдық ойындарынан алып тастау туралы шешім қабылдайтын сияқты. Бұл туралы ойыңыз қандай?
- Не айтарымды да білмеймін. Саясат шығар. Ешқандай ел мен ешкімнің атын атағым келмейді. Бұл ауыр атлетика шаруашылығының ішкі мәселесі ғой. ХОК осы сала мамандарына ескерту жасауы мүмкін. Күрес пен бокс саласы едәуір түзеліп қалды ғой. Сол сияқты зілтеміршілерге де бір сілкініс керек. Әйтпесе ауыр атлетикасыз Олимпиаданы елестетудің өзі мүмкін емес.
- Қазақстандықтар Ержас Болтаевтың биылғы Олимпиадада Өзбек құрамасымен жеткен жетістігін қызу талқылап жатыр. Біз тағы бір талантты бапкерді бағалай алмай жүрміз бе?
- Ержастың көршілес елдің құрамасында жүргеніне үш жыл болды. Олимпиада чемпионы атанған Акбар Жораев кәнігі зілтемірші болатын. Жасөспірімдер арасындағы рекорд иесі, Азияның қола жүлдегері, 2019 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы. Бапкері – Махмұтов Шахрулла. Ержас ауыр атлетикадан Өзбекстан құрамасының кеңешісі болып жүр. Әрине оның да үлесі зор, алайда Жураевті Олимиада чемпионы еткен Болтаев деген дұрыс пікір емес. Өзбектер жеке бапкер емес команда болып жұмыс істейді. Сыйақы алса дәрігері, уқалаушысы, бапкерлері тең бөліседі. Дәл осылай үш олимпиадалық кезең бойы жұмыла жүк көтеріп жүр.
Ержас 2011 жылдан бері Илья Ильиннің жеке бапкері болды. Илья Лондонда чемпион атанды. 2018 жылға дейін бір топ спортшыны баптады. Жасұлан Қыдырбаев Алматыда әлем чемпионы, Алмас Өтешев әлем чемпионатының жүлдегері, Азия чемпионы атанса, Александр Зайчиков Рио Олимпиадасының қола жүлдесін алды. Аталған жігіттермен бірге жұмыс істей жүріп, өзі де көп нәрсені үйренді. Сол тәжірибесімен Өзбекстанға кетті.
- Олимпиада ойындары туралы не айтасыз? Алда Париж ойындары тұр...
- Алдағы төртжылдыққа үш жыл ғана бар деп жүрміз ғой. Ауыр атлетика саласында жүргендерге екі жарым жыл ғана бар деп есептеуге болады. Біз Олимпиада өтетін жылды мүлде есептемейміз. Уақыт өте аз. Әңгімеміздің басында айтып кеткен Чиншанло Токиода жолымды кесті деп қатты қапаланды. Ол Париж Олимпиадасына дайындалмақ. Жапониядан келген соң 1 апта демалды да, жаттығу базасына қайта кетті. Техникасындағы кемшін тұстарын жоюға ниетті. Өз қаржысымен, жаттықтырушысыз, ешкімнің көмегінсіз сонда жүр.
- Биылғы Олимпиаданы сәтсіз өткіздік деп жатырмыз. Бұл жөнінде ойыңыз қалай?
- Олимпиадалық құраманың басы-қасында жүрген Елсияр Қанағатов, Андрей Крюков пен Серік Сәпиевтер – өз ісінің нағыз мамандары. Оған дауым жоқ. Өте жақсы, көп жұмыс істелді. Дағдарыс кез келген елде болады. Бұдан шығудың жолын іздеу керек. Мықты менеджерлер тартылуға тиіс. Мәселен, Дәулет Тұрлыханов мұндай жұмыстарға әбден лайық. Оның қол астында жұмыс істеп көрген адам ретінде айтып отырмын. Жаттығуымыздан қалмайтын. Өзі де келіп дайындалады. Басқадан да талап етеді. Қанағатов пен Крюковтардың бары жақсы, бірақ тәжірибелі, талай сынды, доданы көрген адамдар өте қажет. Дәулет Болатұлы талай жетістікке жетті ғой, оған дәл қазір мұның бәрі керек те емес шығар, дегенмен белгілі бір деңгейде сөйлесіп, қолқа салса, келісетін шығар деп ойлаймын. Спортшыдан спорт министріне дейінгі жолды жүріп өткен адам ел спортына ұшан-теңіз пайда әкелері сөзсіз
Сұхбаттасқан Мадияр Қазыбек