Ауыр атлетика

Зүлфия Чиншанло: Олимпиада қоласы - мен үшін үлкен нәтиже

Зүлфия Чиншанло: Олимпиада қоласы - мен үшін үлкен нәтиже
news-banner7
mobile-news-top

Токио Олимпиадасының төртінші жарыс күні зілтемірші Зүлфия Чиншанло бақ сынады. 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 9 спортшы жүлде үшін таласты.

Зүлфия алғашқы мүмкіндігінде 90 келіні еңсерген, екіншісінде 93 келіні көтергенімен, төрешілер бейнеқайталаудан есептемеді. Қазақстандық спортшы үшінші мүмкіндігін де пайдалана алған жоқ. Осылайша, 90 келімен жұлқа көтеруді 7 орында аяқтады. Жұлқа көтеруде өзбек спортшысы Муаттар Нәбиева 98 келіні еңсеріп, Олимпиада рекордын жаңартты.

Бар үміт серпе көтеруде болды. Бапкерлер бастапқыда 120 келіге тапсырып берген. Бірақ өзбек спортшысы 114 кг еңсерген соң, Зүлфия 123 келіге шықты. Бұл салмақты бағындырғанымен төрешілер санамады. Екінші мүмкіндігін сенімді орындап, жалпы кестесе өзбек спортшысын озып, үшінші орынға көтерілді.

Алтынға филиппин және қытай зілтеміршілері таласты. Екеуі кезек-кезек рекорд жаңартқан соң бапкерлер Зүлфия Чиншанлоны үшінші мүмкіндігіне шығармады.

Жарыстың соң Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Токиодан хабар таратып жүрген Prosports.kz тілшісі Айбар Рысдәулетке берген сұхбатында әсерін бөлісті.

– Көрсеткен нәтижеме көңілім толады. 2014 жылы өткен әлем чемпионатынан соң мұндай нәтиже болмады. Токиоға өте қатты дайындалдық. Ең бастысы медаль алдық.

– Неге соңғы мүмкіндікке шықпадыңыз?

– 125 келіні көтерудің мәні қалмады. Рекордты жаңарту үшін 130 келіні көтеру керек болды. Қазір менің салмағым бұған келмейді.

– Төрешілер екі талпынысыңызды неге есептемей қойды?

– Өйткені қолым дірілдеп, шынтағым қозғалды. Түзу тұру керек. Егер сәл қисайсаң санамай қояды. Жаттығуда мұндай көп кездеседі.

– Дайындық қалай өтті? Пандемия әсер етпеді ме?

Өте жоғары деңгейде болды. Жақсы дайындалдық. Мені қолдаған әрбір жанкүйерге рахметімді айтамын. Бапкеріме алғысымды айтамын. Осы күнге дейін қолдап келе жатқан жұбайыма алғысым шексіз. Ол маған қолдау көрсетуден шаршаған емес. Виктор Ниге, Бақыт рахмет айтамын.

– Сіз әлі жассыз. Париж Олимпиадасына бару ойда бар ма?

Мені әлі жас деп ойлайсыз ба? (күлімдеп). Тырысамын. Өйткені әлем чемпионатында әлі жас едім. Ол кезде нәтиже нашар болды. Төртінші-бесінші орындарда жүрдім. Қазір есейдім. Басқаша сезім. Келер жылы өтетін Азия ойындарынан соң көреміз. Қазір Токио Олимпиадасынан соң демалып, қалпыма келейін. Әлі Азия ойындарына бір жыл бар. Көп жұмыс жасау керек.

Токио Олимпиадасында өзіңізге не біреулерге дәлелдегіңіз келді ме?

– Рио Олимпиадасында жасым 23-те болды. Ол кезде жас болдым. Қазіргі Токиодағы үшінші орын - мен үшін үлкен нәтиже. Өйткені, қартайдым (күліп).

Токиодан Prosports.kz тілшісі Айбар Рысдәулет

Фото: olympic.kz, Сали Сабиров

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер