Бокс

Бокстан команда бас бапкері Олимпиада ауылындағы тыйымдар туралы айтты

Бокстан команда бас бапкері Олимпиада ауылындағы тыйымдар туралы айтты
news-banner7
mobile-news-top

17 шілде күні Қазақстан олимпиадалық командасының алғашқы делегациясы Жапония астанасы Токиоға ұшып келді. Олимпиадаға аттанған алғашқы лектің қатарында боксшылар бар. Команда бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев спортшылардың қалай орналасқанын айтып, олимпиада ауылындағы ережелер мен шектеулерге тоқталды деп жазады Olympic.kz.

«Токио қаласына аман-есен жеттік. Бірақ мұнда коронавирусты инфекцияға байланысты көптеген шектеулер енгізілген. Арнайы ережелерді бұзбау керек. Әуежайда бірнеше рет ПТР тест тапсырдық. Кейін аккредитация қағазын аларда тағы да тесттен өттік. Яғни, вирустың болмауын қатал қадағалауда.

Боксшылар олимпиада қалашығына орналасты. Мұнда бар жағдай жасалған. Тамақтары да жақсы, барша әлем халықтарына арналған тағамдар бар. Басшылармен жиналыс өткізіп, алдағы жоспарларды талқыладық. Олимпиададағы арнайы ережені де түсіндірді. Жолдан аздап шаршаған едік, бүгін ес жиып, кешкі жаттығуға дайындалып жатырмыз.

Біздің бірінші жаттығуымыз далада өтеді. Климатқа бейімделуді бастаймыз. Ал ертеңнен бастап залда жаттығу кестесін берді. Залда жаттығудың да өзіндік ережесі бар. Үлкен жаттығу залы бар екен. Оны да көріп шықтық.

Олимпиадалық ауылдағы ұйымдастыру жұмыстары жоғары деңдейде. Бетпердені мүлде шешуге болмайды, арақашықтықты да сақтап жүрміз. Барынша мұқият болып, жарысқа дайындаламыз», - дейді Ғалымбек Кенжебаев.

Айта кетелік, бокстан Қазақстан намысын сегіз спортшы қорғайды. Боксшылар бәсекесі 8 тамызда аяқталады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер