Ауыр атлетика

Қазақстандық зілтемірші Азия чемпионатын қорытындылады

Қазақстандық зілтемірші Азия чемпионатын қорытындылады
news-banner7
mobile-news-top

Ауыр атлетикадан Ташкентте өткен Азия чемпионатында қазақстандық Нұрғиса Әділетұлы күміс жүлдегер атанды. Жас спортшы өзінің ірі халықаралық жарысында алғаш рет тұғырға көтерілген болатын. Бұл бәсекеде Нұрғиса басқа емес, Олимпиада чемпионымен таласқа түсті. Olympic.kz сайтына сұхбат берген жас спортшы құрлық додасындағы тартысқа тоқталды.

«Азия чемпионаты менің ересектер арасындағы алғашқы ірі додаларымның бірі. Бұл бәсеке маған үлкен тәжірибе сыйлады. Жарыстағы басты қарсыласым – Олимпиада чемпионы, екі дүркін әлем чемпионатының жеңімпазы, ирандық Киануш Ростами болғанын айтып өту керек.

Негізі, Ростами Азия чемпионатына қатысады деп ойламадым. Бір жағынан, оның жарысқа келетінін білмегенім де дұрыс болды. Қобалжып кетер ме едім, кім білсін?! Чемпионға қарсы жақсы тактика құрдық деп есептеймін. Жалпы есепте одан бір келі аз көтергенім аздап өкінтеді.

Менің ирандық спортшыны ұтатын мүмкіндігім болған. Ең соңында 207 келіні бағындырған едім. Бірақ төрешілер кішігірім қателік барын байқап, бұл салмақты есептемей қойды. Сол кездегі өкінішімді сөзбен жеткізе алмаймын. Десе де, мұнымен тоқтамай, алға басамыз. Алда талай ірі жарыстар бар, сол бәсекелерге дайындаламыз.

Жыл соңында өтетін әлем чемпионатында жақсы нәтиже көрсету үшін жұмыс істеймін. Ірі турнирлерге қатысқан сайын тәжірибе жинап, шеберлігіңді шыңдайсың. Енді Ташкенттегі қателіктерді қайталамауға тырысамын», - дейді Нұрғиса.

Ташкенттегі Азия біріншілігінде Нұрғиса Әділетұлы 372 (169+203) келіні еңсеріп, күміс жүлдегер атанды.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер