Финалға бір табан жақынбыз. Қарсылас - «Қайратқа» талай есесі кеткен «Барселона»
Хорватияның Задар қаласында футзалдан клубтар арасында әлемдегі ең беделді турнир өтіп жатыр. Үш ойыннан кейін жарыстың жеңімпазы да анықталады. Еуропада бәрі секем алатын алматылық «Қайрат» ширек финалда Португалияның «Бенфикасын» тас-талқан етті. Енді Кака шәкірттерін азулы «Барселона» күтіп тұр. Аламан додада былтыр топ жарған ұжым. Алайда осы күнге дейін «Қайратпен» үш мәрте жолығып, үшеуіңде де тізе бүккен команда. Prosports.kz сайты сол үш ойынды еске түсіріп, бүгінгі «Барселонаның» әлеуетімен таныстыруды жөн көрді.
«Қайрат» пен «Барселонаның» текетіресінде қызық мәліметтер көп. 2019 жылғы Алматыдағы соңғы кездесуінде Чемпиондар лигасындағы рекорд тіркелді. «Алматы-Аренада» өткен жартылай финалды 12090 адам тамашалады. Кешенді лық толтырған көрермендер алматылықтардың әдемі ойынына, сенімді жеңісіне куә болды. «Қайрат» бірінші таймды сақ ойнап, матчтың екінші бөлігінде кездесу тағдырын шешіп тастады. Төрешінің соңғы ысқырығы алаң қожайындарының жеңісін тіркеді - 5:2.

2015 жылы «Қайрат» Лиссабон финалында 3-2 есебімен жеңіске жетті. Екі жыл бұрын жартылай финалда Тбилисиде 5:4 есебімен католондықтарды сан соқтырды.
Бір қызығы 2012-2015 жылдары католондықтар «Қайратпен» жолдары түйіспеген екі маусымда чемпион атанған екен. «Қайратпен» кездессе міндетті түрде жарыстан шығып қалған. Осы дәстүр ертең де жалғасын табады деп сенеміз. Себебі «Барселона» өткен маусымның чемпионы екенін сөз басында айттық.
Испандықтар 1/4 финалда бір кезең бұрын «Ақтөбені» жарыс жолынан шығарып тастаған словениялық «Добовец» командасын 2:0 есебімен ұтты. Голдарды былтырғы турнирдің үздік ойыншысы бразилиялық Феррао мен Айкардо соқты. Нәтижелі екі пасты да Марсенио өз атына жазды.

«Барселона» ойыншысы - Феррао
Дәл қазір Еуропаның үздік клубы «Барселонаның» Испания чемпионатындағы жайы мәз емес. 28 турдан кейін бесінші орында келеді. Көш басында тұрған маусым сенсациясы «Левантеден» 8 ұпайы кем. Бірақ ішкі біріншілік пен Чемпиондар лигасындағы мотивацияны салыстыруға келмес. Мысалы, Испания чемпионатында қанша ойын жеңілсең де, маусым қорытындысы бойынша сегізінші орыннан түспесең, плей-офф кезеңіне қатысасың. Ол жерде үш ойында жолың болса, чемпион атанып шыға келесің.
«Барселона» Чемпиондар лигасының 2021 жылғы маусымында қақпаға соққы аз бағыттаған командалардың қатарында екен. Сондықтан голдар саны да аз. 1/4 финалда да, 1/8 финалда да екі доптан соқты. Испания чемпионатында бұл көрсеткіш жөнінен бесінші орында.
Чемпион деген дардай атағымен болса да, «Барселонадан» «Қайрат» жасқанып қалмайды. Қазақстандық команда ширек финалда тағдырдың қатал сынағына төтеп берді десек, артық айтаспыз. «Бенфикамен» ойында капитан Игита алаңнан қуылған сәтте, жігіттердің жігері жасып қалатындай көрінген. Бірақ екі-үш күн ішінде өмірі ертегіге айналған 19 жастағы Нарын Серіков қақпаны абыроймен қорғап қана қоймай, эмоцияға бой алдырмайтын болмысымен әріптестеріне де сенімділік ұялатты. Қарсылас қарымта гол соқты, соңғы секундтарда жеңісті жұлып алуға жақын болды. Бірақ жігіттер аяғына дейін шыдап, овертаймда азулы қарсыласты тас-талқан етті. Дәурен Тұрсағұлов, Біржан Оразов жасындай жарқырады. Дуглас, Гадейя, Эдсондардың шеберлігі қарсылас ойыншыларын тығырыққа тіреді.

«Бенфикамен» өткен матчтағы секілді Кака жігіттері сауатты ойнаса, атағынан ат үркетін «Барселонаны» жарыстан шығарып, финалға шығатын мүмкіндік бар. Кубок алар кез келді. «Қайраттың» дәл қазіргі құрамы чемпиондыққа лайық. Жігіттер оны алаңда да дәлелдейді деген үміттеміз.
«Қайрат» пен «Барселона» арасындағы матч елорда уақытымен мамырдың 1-нен 2-не қараған түні сағат 00:00-де басталады. Тікелей трансляцияны сайтымыздан тамашалай аласыздар.
Екінші жартылай финалда Испанияның тағы бір командасы «Интер Мовистар» мен португалиялық «Спортинг» кездеседі.