Бокстан әлем чемпионы Ақмола облысының спорт басқармасында қызметке орналасты
Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы инстаграмдағы парақшасында кадрлық өзгерістер туралы хабарлады.
«Бокстан әлем және Азия чемпионы, Олимпиада ойындарының қатысушысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Мерей Ақшалов Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасарының міндетін атқарушы болып тағайындалды.
Бұған дейін Мерей Төлегенұлы Нұр-Сұлтандағы No6 спорт мектебінің бастығы болып жұмыс істеген», - деп жазды Басқарманың баспасөз қызметі.
Ақшалов 2010 жылы әскерлер арасында әлем чемпионы атанды. 2013 жылы ол Азия чемпионаты мен Әлем чемпионатының алтын медалін жеңіп алды. Маусым соңында Азия бокс федерациясы Мерейді «Азияның үздік боксшысы-2013» деп таныды. Мансабын 2014 жылы аяқтады.