Ерік Алғабек: Назымның тәжірибесі мол, Лукас бар күшін жартылай финалда жоғалтты
Бокстан Қазақстан әйелдер командасының бас бапкері Ерік Алғабек ел чемпионатын қорытындылай келе, ең тартысты кездесулердің біріне тоқталды. Ол 51 келідегі Назым Қызайбай мен Ангелина Лукастың финалдық жекпе-жегіне өз бағасын берді.
<span>«Бұл салмақтағы ақтық айқас өте қызықты әрі тартысты өтті. Алматылық Назым Қызайбай мен шымкенттік Ангелина Лукас өзара кездесіп, Назым жеңіске жетті. Ангелина Назымға қарағанда жас және тәжірибесі аздау спортшы. Оның үстіне, Лукастың жартылай финалда әлем чемпионатының жүлдегері, құрамадағы ең мықты боксшылардың бірі, тәжірибелі Жайна Шекербековамен кездескені де ауыр соқты. Ангелина бар күшін жартылай финалда жұмсап, ақтық бәсекеде Назымға қарсы тұра алған жоқ», - дейді бас бапкер.</span>
<span>Еске сала кетейік, бұл салмақта Токио Олимпиадасының жолдамасы әлі алынған жоқ. Биылғы лицензиялық турнирге қатысқан Ангелина Лукас жеңіліс тапқан болатын. Бапкерлер ендігі кезекті тәжірибелі Назым Қызайбайға сенім артуы мүмкін. Назым Қызайбай Шымкентте өткен Қазақстан біріншілігінде 51 келі салмақта чемпион атанды. </span>