Елдос Сметов: Ғалымжан Жылгелдиев Қазақстан дзюдо тарихын төрт рет жаңартқан білікті маман
Бүгін дзюдодан Қазақстан ерлер ұлттық құрамасына жаңадан бас бапкер таныстырылды. Жаңа қызметке Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елдос Сметовтың жеке жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев тағайындалды. Өз кезегінде Елдос Сметов жеке бапкерін жауапты қызметімен құттықтап, еңбегінің еленгеніне дән риза екенін жеткізді.
– Ғалымжан ағайдың бас бапкер болып тағайындалғанына өте қуаныштымын. Осындай білікті маман өзінің бойындағы тәжірибесін тек қана бір немесе санаулы екі-үш адаммен ғана бөліспей, ішінде қалып кетпей, бүкіл еліміздің дзюдосының деңгейін жоғарылату үшін бұл кісінің тәжірибесін баршамен бөлісіп, үйреткені әбден керек деп ойлаймын. Ғалымжан ағай ұлттық құрамаға кеше ғана келген жоқ. Саналы ғұмырын спортқа арнап, талмай шәкірт баптап келеді.
Ғалымжан Жылгелдиев Қазақстанның дзюдо тарихын төрт рет жаңартқан адам. Бір емес, екі әлем чемпионын баптап шығарды. Атап айтқанда, жастар мен ересектер арасындағы әлем біріншілігінде шәкірті топ жарды, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегерін баптады, сондай-ақ, елімізге тұңғыш рет бүкіләлемдік Универсиада ойындарының алтынын әкелді.
Төл шәкірттері осы күнге дейін қандай жетістікке жетсе, ұлттық құрама спортшыларын да дәл сондай биік белестерге жетелейді деп ойлаймын. Себебі, бүгінгі білікті маман бірнеше әлем чемпионы мен Олимпиада ойындарының жеңімпаз, жүлдегерлерін баптауға әбден қауқарлы. Сондықтан, бас бапкер қызметіне кіріскен Ғалымжан Жамбылбекұлына сенім артып, сәттілік тілеймін, - дейді дзюдодан ұлттық құрама көшбасшысы Елдос Сметов.