Алғабек: Бізде ел үздіктерінің орнын басатын жастар жоқ
Бокстан Қазақстан біріншілігі алғаш рет ерлер мен әйелдердің қатысуымен өтеді. 26 қарашада Шымкентте басталатын додаға қатысты әйелдер боксынан команда бас бапкері Ерік Алғабек пікір білдірді.
«Биыл ел чемпионатына қатысатын қыздар саны әлдеқайда көп. 115 спортшы өтінім берді. Бұл, әрине, қуантады. Осы бәсекеде жастардың көп болатыны анық. Бапкерлер қауымы да жас әрі талантты боксшыларды іздейміз деген міндет қойдық. Өйткені, бізге жас буын керек.
Ұлттық құрама үздіктерінің көрсеткіші нашарлап, денсаулығы сыр бергенде оларды алмастыратын ешкім жоқ. Мәселен, Айжан Қожабекова, Дина Жоламан сынды көшбасшыларымыздың кейінгі кезде нәтижесі төмендеп кетті.
Ал олардың ізін басатындар аз. Соңғы жылдары осыны анық байқадым. Сол себепті, бұл чемпионат жастардың өзін көрсетуіне үлкен мүмкіндік беретінін айтқым келеді», - дейді бас бапкер.
Айта кетелік, ел біріншілігі Шымкент қаласында ұйымдастырылады.