Айдын Смағұлов: Дзюдошылар әлем рейтингінде тиісті орындарын сақтап тұр
Халықаралық дзюдо федерациясы әлем рейтингін жаңартты. Жаңартылған рейтингке сәйкес қазақстандық қос дзюдошы үздік ондыққа енген.
Бас бапкер Айдын Смағұловтың айтуынша, Қазақстан құрамасының дзюдошылары жаңартылған рейтинг бойынша лицензиялық орындарын сақтап қалған.
"Халықаралық дзюдо федерациясы әдеттегідей, әлемдік жарыстан кейін рейтингті жаңартты. Жаңартылған рейтинг бойынша қазақстандық спортшылар өз орнын сақтап, лицензиялық орынға ілініп тұр. 60 келіде Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев үздік ондыққа енген. 66 келіде Ерлан Серікжанов пен Елдос Жұмақанов екеуі де рейтингтегі орындарын сақтаған.
73 келіде Жансай Смағұлов 25 орында тұрғанымен, алдында бір елден екі спортшы болғандықтан, ол да лиценщияға ілініп отыр. 81 келіде Дидар Хамза құрлықтық квота бойынша үміткер болып тұрса, 90 келіде Ислам Бозбаев та лицензиялық орнында. Ал 100 келіге дейін және 100 келіден жоғары салмақтар бойынша Айбек Серікбаев пен Ерасыл Қажыбаев ұпай жинап жатыр.
Алда Азия чемпионаты, Гран При және Masters турнирлері жоспарланған. Егер осы жарыстарға және де Олимпиадаға дейін әлемдік турларға қатысса, тиісті лицензиялық ұпайларды жинап үлгеруі мүмкін", - дейді бас бапкер Айдын Смағұлов.