Коби Брайантқа тақия кигізген қазақ

Коби Брайантқа тақия кигізген қазақ

Алматы тұрғыны Бауыржан Бөкенов жақында әуе апатынан көз жұмған аңыз ойыншы Коби Брайантқа қазақтың қара тақиясын сыйға тартқанын еске алды. Бұл жайында Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Жастайынан баскетболға қызыққан қазақ баласын алғашқыда әкесінің айтуымен күреспен шұғылданған. Дегенмен баласының допқа құлшынысын көрген әкесі баскетбол үйірмесіне беруден басқа амал жоқ екенін түсінген. Осылайша доппен достасып өскен Бауыржан 1997 жылы университет қабырғасында жүргенде стритболдан жарыс өтетінін естиді. Ол бірге оқитын студенттермен команда құрып, турнирге қатысуды шешеді. Стритболды әдеттегі баскетболға қарағанда екі есе кіші алаңда және үш ойыншымен ойнайды.

"Adidas компаниясы тұңғыш стритбол-челленджін өткізді", - деп еске алады Бауыржан. "Өзіміз күтпеген жерден жарыстың жеңімпазы атандық. Ұлттық құрамада, қала командасында ойнаған кәсіпқой спортшылардың болғанына қарамастан біздің ұжым мықтылығын дәлелдеді. Соңында жеңімпаз команда Миланға баратынын айтқанда, бастапқыда сенбеген еді. Жарыс мамырда өтіп, біз күздің бірінші айында Италияға жол тарттық. Киімімізді беріп, жолға шығарып салды", - дейді Бауыржан Бөкенов.

Миландағы финалдық кезеңге баскетболдың жұлдыздары: Карим Абдул-Джаббар, Коби Брайант пен Антуан Уолкер келу керек болған. Алайда қазақ жігіттері бақ сынаған жарысқа Коби Брайанттың ғана жолы түсті.

"Сол сәтте ол мектеп лигасынан бірден NBA-ге өткен кезі. Тарихта мектептен бірден кәсіпқой спортқа қадам басқан екі-ақ баскетболшы бар. Біз оның болашағы жарқын екенін білдік", - дейді Бауыржан.

Коби командалардың бәрімен амандасып, сәттілік тілеген: "Миланда бес күн болдық. Жарыс төрт күнге созылды. Кобидің жанкүйерлерге арналған ойыны болды. Командамызбен сақинаның тура артында отырғандықтан оның бар қарым-қабілетін жақыннан көре алдық. Оның допты алып жүруі, шеберлігі, үш ұпайлы соққыларына таң-тамаша болып, аузымыз ашылған күйі қол шапалақтап отырдық".

Қазақстаннан барған ұжым финалдық кезеңде сәтті өнер көрсетті деуге келмес. Біздің баскетболшылар тек азиялық командаларды ұтқан: "Гонконг, Тайвань мен Филиппиннен келген, бойы бізбен шамалас жігіттерді ғана жеңуге шамамыз жетті. Еуропалық бірде-бір команданы жеңгеніміз есімде жоқ. Біздің командамыздың ең бойшаңы 183 сантиметр болса, чемпионатты жеңіп алған Португалия құрамасындағы ең кіші бойлысы сол шамалас еді".

Бауыржанның айтуынша, Коби Брайант жарыс соңында қатысушы 90 команданың әрқайсысымен естелік суретке түскен.

"Жеке өзімен танысуға мұрша болмады. Өйткені бірге суретке түсіп, қол алысқаннан басқаға мүмкіндік тумады. Қол алысқанымыз әлі есімде. Жарысқа шықпай тұрып анам біреуге естелік сыйлық ретінде берерсің деп тақияны салып жіберген. Суретке түсерде басына тақияны кигіздім. Ол маған бір қарап жымиды. Өйткені шаш үлгісінің үлкендігінен тақияның әрең кигіздім", - дейді Бауыржан.

Сол кезден бастап Бауыржан Бөкенов аңыз ойыншының тұрақты көрерменіне айналған. Ал оның қазасын ауыр қабылдағанын айтады: "Бәрі менің баскетбол жанкүйері екенімді жақсы біледі. Сол күні бәрі қаралы жаңалықты айтты. Оның қазасы – баскетбол әлемі үшін орны толмас қайғы".

26 қаңтар күні Коби Брайант өзінің жеке тікұшағымен саяхаттап жүрген. Онымен бірге үш жолаушы және бір пилот болған. Апаттан кейін ешкім аман қалмады. Қаза болғандардың арасында Брайанттың 13 жастағы қызы Джианна Брайант бар.

Коби Брайант 1996-2016 жылдар аралығында "Лейкерс" клубында өнер көрсетті. Мансабында ҰБҚ-ның бес дүркін чемпионы, финалдық серияның екі дүркін MVP-і атанған. Сондай-ақ Жұлдыздар матчына 18 рет қатысқан. АҚШ құрамасы сапында екі дүркін Олимпиада (2008, 2012) чемпионы атанған. Баскетболшы 2016 жылы мансабын аяқтады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или