Қазақстандық боксшылар Мэйвезердің залында жаттығып жатыр
Қазақстандық боксшылар Жанқош Тұраров (24-0, 17 КО), Искандер Харсан (7-1, 6 КО) және Али Балоев (9-0, 7 КО) Лас-Вегастағы кіші Флойд Мэйвезердің залында жаттығуды бастады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Спортшылар бұл оқу-жаттығу жиынында олардың тәлімгері Сағатбек Мұсахановпен бірге дайындалуда. Тұраров, Балоев және Харсанның АҚШ-тағы жаттығуы наурыз айының соңына дейін жалғасады.
Естеріңізге сала кетейік, боксшылардың үшеуі де алдыңғы жекпе-жегін Қазақстанда өткізген. Балоев 6 шілдеде Нұр-Сұлтанда төрешілердің бірауызды шешімімен бразилиялық Гамильтон Вентураны (15-7-1, 13 КО) жеңді. Сол кеште Тұраров аргентиналық Мауро Максимилиано Годойды (32-6-1, 17 КО) нокаутқа жіберді. Ал 16 желтоқсанда Алматыда Харсан күтпеген жерден камерундық Томас Эссомбтан (10-5, 4 КО) техникалық нокаутпен жеңілді.