«Қайрат» бразилиялық ойыншыны қатарға қосты
Алматылық «Қайрат» футзал клубы бразилиялық шабуылшы Аллекспен келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Клубтың баспасөз қызметінің жазуынша, келісімшарт 2019/2020 жылғы маусымының соңына дейін жасалды.
1994 жылдың 21 желтоқсанында дүниеге келген шабуылшы бразилиялық «Таубате Футзал» клубынан түлегі. Ойыншы алматылық клубтың қатарына қосылып үлгерді, әрі Қазақстан Чемпионаты аясында өтетін «Атырауға» қарсы матчқа дайындалып жатыр. Клубтың баспасөз қызметі шабуылшымен шағын сұқбат жасады.
- Аллекс, «Қайратқа» қош келдіңіз! Әсеріңізбен бөлісе кетсеңіз?
- Көп рақмет! «Қайрат» сынды үлкен клубтың жейдесін кигеніме мақтанамын. Команданың бас бапкері Кака менімен агентім арқылы байланысқа шықты. Бәрі өте тез шешілді. Тіпті ұлы клубқа ауысып келгеніме сене алар емеспін.
- Осы маусымда өзіңізге қандай жеке міндеттер қойып отырсыз?
- Мен үшін команданың міндеттері бірінші орында тұрады. Менің мақсатым клубтың алға қойған барлық міндеттерін орындаумен тікелей байланысты. Командаға барынша пайдамды тигізсем деймін. Команданың Қазақстан Чемпионатының алтын медалін жеңіп алуына көмектескім келеді.