Полторанин спорттан ресми шеттетіледі
Қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанинді спорттан шеттету туралы ресми шешім қабылданды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бұл туралы FIS мәлімдеме жасады.
Допингке қарсы ережені (ADRV) бұзғаны үшін төмендегі үш спортшы: Карел Таммъярв (EST), Андреас Веерпалу (EST) және Алексей Полторанин (KAZ) төрт жылға спорттан шеттетілген. Бұлардың бәрі де FIS допингке қарсы ережелерінің 2.2-бабына сай жазаланып отыр.
Естеріңізде болса, биыл жыл басында Австрияның Зеефельд қаласында әлем чемпионатына қатысып жатқан қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин допинг дауына ұшыраған болатын.
Ұзаққа созылған тергеуден кейін қазақстандықтың кінәсі дәлелденіп отыр. Соған сай спортшы 4 жылға спорттан шеттетіледі.
21 күн ішінде спортшылар спорттық арбитраж сотына шағымдана алады.
Айта кетейік, допингке қарсы ережелерді бұзды деген күдікке іліккен Полторанин тағылған айыпты мойындамады. Бірақ әлем чемпионатында алғаш рет тыйым салынған әдісті қолданып көрмекші болғанын мойындады.