Мәскеуден Глазгоға дейін. Исламханға кімдер «көз тікпеді?»
Қазақстан құрамасының капитаны Бауыржан Исламхан мен «Қайрат» арасындағы келісімшарттың мерзімі желтоқсанның аяғында аяқталады. Алматылық клубпен келісімшарт мерзімін ұзартпай, Бауыржан Еуропаға жол тарту туралы нық шешім қабылдаған көрінеді. «Қайраттың» қатарына 2014 жылы қосылған Бауыржан командасымен ішкі чемпионатта «Астанадан» алтынды ала алмаса да, футболшы ретінде жыл сайын деңгейі көтерілді. Әр трансферлік терезе кезінде біздің Бауыржанға Ресейдің бірнеше белді клубтарының және Шотландия, Болгария, Польша елдерінендегі көшбасшы командалардың қызыққаны жайлы жаңалықтарды басылымдар жарыса жазды. Prosports.kz соңғы 5-6 жыл кезінде шыққан осы мазмұндағы ақпараттарды теріп, бір материалға сыйғызуды жөн көрді.
Тараз топырағында футбол әліпбиін меңгерген Исламхан 2012 және 2013 жылдары өткен Достастық кубогында Қазақстан жастар құрамасын өрге сүйреп, «Зенит» пен «Рубиннің» назарын өзіне аудартты. Ресей басылымдары петерборлық клуб 20 жасқа енді толған жас талант алдағы 1-2 жылда команданың негізгі футболшысына айналатынына сенімді деп жазды. Алайда, 2013 жылдың ақпан айында сол жылдардағы ресей футболының ортаң қол командасы, дәл қазіргі таңда аты-затымен жоқ «Кубань» қазақстандық футболшыны 200 мың еуроға сатып алуға бел буды. Өкініштісі сол, жас Бауыржан краснодарлық клубтың негізгі құрамынан орын ала алмады. Жарақат кедергі болды. Бір сөзбен, «Уфадағы» Еркебұлан Сейдахметтің күйін кешті. Сейдахмет башқорстандық ұжымның сапында екі матчта алаңға шықты. Бауыржан болса, «Кубаньда» бір матчқа да қатыспады. Жастар командасында бір-екі рет көрінді.
Футболда буыны қатпай жатып, шетелде бақ сынауға тырысып, жолы болмаған соң Исламханды сол жылы Мирослав Беранек баптайтын «Астанаға» «Кубань» жалға берді. Ол кезде әлі чемпиондықтың иісі мұрнына бара қоймаған елордалық команданың қатарында да 20 жастағы футболшы өзін көрсете алмады.
2014 жылдың ақпанында Қайрат Боранбаев пен Владимир Вайсстың шақыртуымен «Қайратқа» келді. Алматылықтарды бірден алға сүйреді. Сол маусым қорытындысы бойынша чемпионаттың үздік футболшысы атағын жеңіп алды. Маусым аяқталысымен Шығыс Еуропаның клубтары Исламханды шақыруға ниетті деген сыбыстар естілді. Бірақ, қай клуб және Бауыржан үшін қанша қаржы төлеуге дайын деген сұрақтарға тұшымды жауап ала алмадық.
Бір жылдан кейін белгілі футбол агенті Евгений Ловчев Исламханның Еуропаға кететіні жайлы ақпараттардың бәрі PR-жүріс деп төтесінен айтты. Болгария және Чехия еліндегі командалардың Бауыржанға қызыққанына сенбеймін. Әрине, қателессем қуанамын, себебі Исламхан керемет футболшы деді.
2015/2016 жылы «Қайрат» Еуропа лигасында топтық кезеңге бір қадам ғана жетпей сүрінді. Үшінші іріктеу кезеңінде Исламхан шотландиялық «Абердин» қақпасына тамаша доп соқты. Ол голды британиялық BT Sport сайты сол маусымдағы Еуропа лигасының үздік голы деп мойындады. «Абердинге» қарсы ойынына тәнті болған шотланд футболының алыбы «Селтик» көз тікті деген ақпараттар тарап кетті. Әйткенмен, глазголықтар «Қайратқа» ресми ұсыныс жасамады. Себебі, Бауыржанның позициясында «Селтикте» жоғарғы деңгейдегі футболшылар жетіп артылатын еді. Британиялық «Lucid Sport» компаниясының бас скауты Тимур Дагуев «Селтикті» Исламханның алаңды жақсы көре білуі, футбол интелекті жоғары екені қызықтырды. Бірақ, британ футболындағы жылдамдық пен 90 минуты бойы жалғасатын интенсивті футболға Бауыржанның физикасы шыдауы екіталай деп, өкінішті тұсын айтты.
Украиналық Football.ua порталы 2017 жылдың аяғында украиналық клубтарға Қазақстанға назар аударуға кеңес берді. Исламханды киевтік «Динамо» мен донецктік «Шахтерға» ұсынды. Сарапшылар 24 жастағы Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы чемпионат көркін қыздыра түсетінене сенді. «Динамо» мен «Шахтер» тарапынан ешбір жаңалық ала алмадық. Бірақ, Бауыржанның сол маусымдағы статистикасы таңдай қақтырарлық еді. 11 гол соғып, 12 мәрте голға айналған пастың авторы атанды.
Өткен жылы тағы да «Селтиктің» қызығушылығы жайлы жаңалықтарды көз шалды. Чех клубтары да көз тікті деді. Ал, 2019 жылдың жазында отандық сайттарда болгар футболының көшбасшысы «Лудогорец» қысқы трансфер кезінде Бауыржанды еркін агент ретінде қатарға қосуды көздеп отырғаны туралы белгілі болды. Соңғы 8 жылда Болгария чемпионатын үздіксіз ұтып жүрген клубтың сапына Исламхан қосылса, футболшы үшін жақсы шешім болатын еді. Трансферлік терезе енді ашылады, сондықтан әліптің артын бағайық.
Осыдан үш-төрт күн бұрынғы жаңалыққа құлақ түрсек, мәскеулік «Локомотив» Исламханға ұсыныс жасаған көрінеді. Алайда, «темір жолшылар» қатарына қосылғанымен, қос Миранчук ешқайда кетпей 26 жастағы қазақстандық футболшыға алаңнан орын табала қояды дегенге сену қиын.