Спорт жаңалықтары
Бокс

Қазақ боксшысы әлем чемпионымен жұдырықтасады

Қазақ боксшысы әлем чемпионымен жұдырықтасады
news-banner7
mobile-news-top

Жапониялық боксшы Косей Танака (14-0, 8) ең жеңіл салмақтағы WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын қорғайтынын мәлімдеді. Үш салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған даңқты боксшы желтоқсан айының соңында шаршы алаңға шығады.

Жапон спортшысы Қытайда туып-өскен қазақ боксшысы Ұлан Төлеуғазыұлымен (13-3-1,6 КО) жұдырықтасқалы отыр. Бұл жекпе-жек 2019 жылдың ең соңғы күні Токио қаласында өтеді деп жоспарланып отыр.

Қытайлық ақпарат құралдарының мәліметіне сенсек, жапониялық боксшы қазақ баласына өзі ұсыныс жасаған. Бұл кеште Танака WBO чемпионы атағын үшінші рет қорғағалы отыр. Бұл оның тоғызыншы чемпиондық жекпе-жегі. Ал Ұлан бұған дейін әлем чемпионы атағы үшін кездесу өткізбеген. Оның үстіне, 31 желтоқан Жапония дәстүрлі "Омисока күні" мерекесін тойлайды. Демек, Төлеуғазыұлын үлкен сын күтіп тұр деген сөз.

Косей Танака (14-0, 8)

Косей Танака (14-0, 8)

Косей Танака - 24 жастағы жапон жігіті. Атақты boxrec рейтингісінде өз салмағында көш бастап тұр. 18 жасынан бастап кәсіпқой бокста жүр. Содан бері 14 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жетті.

2015 жылы жасы 20-ға да толмаған Танака бар болғаны 5-ші жекпе-жегінде-ақ WBO тұжырымының ең төменгі салмақтағы (105 фунт) әлем чемпионы атағын жеңіп алды.

Ал 2016 жылы 31 желтоқсанда (Омисока күні) Моизес Фуэнтесті нокаутпен жеңіп, бірінші ең жеңіл салмақта (108 фунт) WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды. Сөйтіп, екі салмақта әлем чемпионы атағына қол жеткізді.

Танака бұнымен тоқтаған жоқ. 2018 жылы 24 қыркүйекте отандасы Шо Кимураны жеңіп, WBO тұжырымының ең жеңіл салмақтағы (112 фунт) чемпионы атағын жеңіп алды. Осылайша, ол 12 жекпе-жекте үш салмақ санатында әлем чемпионы атанған Василий Ломаченконың жетістігін қайталады.

Косей Танака 2019 жылы Роичи Тагучи мен Джонатан Гонсалесті жеңіп, ең жеңіл салмақтағы чемпиондық белдігін екі мәрте қорғады. Егер жыл соңында Ұлан Төлеуғазыұлын да жеңсе, екінші ең жеңіл салмақ (115 фунт) дәрежесіне көтеріліп, төртінші салмақта чемпиондыққа таласуды жоспарлап отыр екен.

Ұлан Төлеғазыұлымен (13-3-1,6 КО)

Ұлан Төлеғазыұлымен (13-3-1,6 КО)

Ал Ұлан Төлеуғазыұлы кәсіпқой боксқа 2015 жылы аяқ басқан. Біз айтқан boxrec рейтингісінде өз салмағында 9-шы сатыға жайғасқан. Қазірге дейін 13 рет жеңіске жетіп, 3 мәрте жеңілген. Бірақ бұл 3 жеңілісі де алғашқы 5 жекпе-жегінде орын алған. Соңғы 12 жекпе-жегінде жеңілген жоқ.

Ұланның мансап жолы даңғыл болған жоқ. Командасының әлсіздігі, демеушінің аздығынан аз зардап шеккен жоқ. Көп жекпе-жек өткізу үшін 112-122 фунт аралығында кез-келген салмақта жұдырықтасуға мәжбүр болған.

Ал әуесқой бокста жүргенде Шинжаң өңірінің бес дүркін чемпионы болған. Шинжаң педагогика университетін тәмәмдаған. 23 жасында мемлекеттік қызметкер болу немесе магистратура оқу мүмкіндігінен уәз кешіп, кәсіпқой боксқа бет бұрған.

Кәсіпқой бокста Ұлан Төлеғазыұлы ең жеңіл салмақта WBC тұжырымының күміс белбеуін (WBC Silver Flyweight Title), WBO тұжырымы бойынша Азия-Тынық мұхит чемпионы белдігін (WBO Asia Pacific Flyweight Title) және WBA тұжырымы бойынша халықаралық чемпион (WBA International Flyweight Title) белбеуіне қол жеткізген.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер