Бекбаев: Шетелдік ойыншыларға азаматтық берудің қажеті жоқ

Бекбаев: Шетелдік ойыншыларға азаматтық берудің қажеті жоқ
news-banner7
mobile-news-top

Талдықорғандық «Жетісу» футбол клубының қақпашысы Алмат Бекбаев Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында биылғы маусым туралы және құрамаға шақыртылып жүрген легионерлер жайлы ойын айтты.

- Маусым аяқталуға жақын, алға қойған мақсатты орындай алдыңыздар ма?

- Маусымның аяқталуына үш ойын ғана қалды. Нәтижеміз жаман емес. Алға қойған мақсатымыз бесінші орын еді, сол межеде тұрмыз. Бірақ қалған үш ойында да жеңіп, бұдан да жоғары орыннан көрінуге тырысамыз. Неге барынша көп ұпай жинап, үздік төрттіктен көрінбеске?! Бұл маусым «Жетісу» үшін сәтті болды деуге болатын шығар. Астана, Алматы, Шымкент, Қостанай секілді аса ірі қалалардың командаларынан ғана қалып келеміз.

- Құрама бапкері Михал Билек сізді бақылап жүргенін айтты. Оның үстіне, ұзаққа созылған «құрғақ» ойындарыңыз да бар. Маусымдағы өнеріңізді өзіңіз қалай бағалайсыз?

- Билектің мен туралы айтқанын естідім. Өкініштісі мені құрамаға шақырған жоқ. Соған қарамастан маусымды жақсы өткізіп жатырмын деп ойлаймын. Голсыз сериялар сынды жеке рекордтарымды жаңарттым. Азулы «Астананы», «Қайратты» жеңдік. Бір әттеген-айы «Ордабасымен» кездесулерде ойынымыз жүрмеді...

- Соңғы кездері ұлттық құраманың қақпасын көбіне легионер қақпашылар қорғап жүр. Осы мәселеге көзқарасыңыз қалай?

- Ұлттық құрамада ең үздік ойыншылар ойнауы керек. Бұл сөзді үнемі айтып жүремін. Алайда легионерлерді ойнатсақ та, үлкен жетістікке жетіп жатқан жоқпыз. Сол үшін шетелдік ойыншыларға азаматтық таратудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Өз жігіттеріміз де олардан кем ойнамайды. Бұл мәселеге байланысты ойым осы. Әрі осы ойымда қала беремін.

- Биыл Премьер-лигада чемпиондыққа жылдағыдай екі команда емес, бірнеше команда таласып жатыр. Бұл қазақ футболының деңгейі өскенінің белгісі ме?

- Биыл чемпиондыққа 4-5 команда таласып жатыр. Осыған қарап ел футболының деңгейі өсіп жатыр деп айтуға болатын шығар. Әсіресе алматылық «Қайрат» сапында қазақстандық жас ойыншылардың көптеп шығып жатқанына қуаныштымын. Олардың академиясы өз жемісін беруде. Бұрынғы мықты легионерлерімен де қоштасты...

- «Жетісуда» екінші маусым ойнап жатсыз. Келесі маусымға келісімшартыңыз бар ма?

- Келесі маусымға келісімшарт мәселесі қазірше шешілген жоқ. Жақын арада клуб басшыларымен бірге шешім қабылдаймыз. Негізі «Жетісуда» қалатын шығармын. Өйткені бұл команда маған үлкен сенім артып, «Ертісте» жүрген жерімнен шақырды. Сол сенімнен шығып жүрмін деп ойлаймын. «Жетісу» үшін жанымды салып ойнауға дайынмын.

- VAR жүйесі жайлы не айтасыз?

- Бүкіл әлем VAR жүйесіне көшіп жатыр. Бұл технологияның төрешілерге көп көмегі тиеді. Сол үшін біздің де VAR жүйесін енгізгеніміз жөн шығар.

- Соңғы сұрақ. Футболдан өзге қай спорт түріне қызығасыз?

- Футболдан бөлек волейболды, үлкен теннисті жақсы көремін. Бірақ қалай болмасын мен үшін футбол бірінші орында. Демалыс кезінде де өзімнің сүйікті спортыммен айналысамын. Демалыста Шымкентке бара қалсам Таңат Нөсербаев, Азат Нұрғалиев, Мұхтар Мұхтаров, Бекзат Бейсенов секілді сондағы футбол жұлдыздарымен бірге футбол ойнап тұрамыз.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер