Еуропа лигасы. Іріктеудегі алғашқы қарсыластар
Бүгін қазақстандық үш ұжым - «Қайрат», «Ордабасы» және «Тобыл» Еуропа лигасының іріктеу кезеңіндегі қарсыластарын білді. Осы орайда Prosports.kz сайты отандық клубтардың алғашқы іріктеу кезеңінде күтіп тұрған қарсыластарына шолу жасап өтті.
«Қайрат» - «Широки Бриег» (Босния және Герцеговина)
Алматылық «Қайраттың» қарсыласы атанған босниялық «Широки Бриег» командасы отандық футбол сүйер қауымға жақсы таныс. Босния және Герцеговина елінің өкілі 1948 жылы құрылған. 70 жылдан астам уақыт тарихы бар «Широки Бриегтің» «жұлдызды» шағы жаңа екі мың жылдықтың басына келген. 2004 жылы алғаш рет ел біріншілігінде топ жарып, арада екі жыл өткен соң жетістігін қайталады. Бұдан бөлек ел Кубогын екі мәрте жеңіп, бірнеше жыл қатарынан чемпионатта жүлдегерлер қатарынан көрінген.
Отандық жанкүйерлерге жақсы таныс деген себебіміз, «Широки Бриег» екі рет қазақстандық клубтарға іріктеу кезеңінде кедергі болды. Алдымен 2013/14 жылғы маусымда павлодарлық «Ертісті» Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде жарыс жолынан шығарып тастаған. Арада екі жыл өткен соң шымкенттік «Ордабасымен» кездесіп, Қазақстанға қайта ат басын бұрды. Бұл жолы да босниялық ұжым басым болды. Осылайша, екі мәрте қазақстандық клубтардың жолын кескен «Широки Бриег» әлі күнге еурододалардың топтық кезеңіне өте алмай келеді. 14 маусым қатарынан іріктеу кезеңге қатысып келген босниялық ұжым, тіпті, үшінші кезеңге бір мәрте ғана жеткен.
«Тобыл» - «Женесс» (Люксембург)
Люксембург елінің командасы «Женесс» тарихы мол клуб. Сонау 1907 жылы құрылған. Еурододаның іріктеуіне алғаш 1958 жылы қатысқан. Ол кезде Чемпиондар кубогы деп аталған турнирде Кәрі құрлықтың мадридтік «Реал», «Ливерпуль», «Бавария», мәскеулік «Спартак», «Ювентус» және «Селтик» секілді беделді командаларына қарсы ойнаған. Люксембургтің Ұлттық дивизонын 28 мәрте, ел Кубогын 12 мәрте жеңіп алған. Бұл көрсеткіш жағынан Люксембургте «Женесске» жететін команда жоқ. Бірақ осындай жетістігіне қарамастан еурододада ауыз айтарлықтай нәтиже көрсете алмаған. Әлі күнге екінші іріктеу кезеңінен ары аса алмай келеді.
«Ордабасы» - «Торпедо» (Грузия)
Қостанайлық «Тобылға» қарсылас атанған Грузияның «Торпедосы» ардагер жанкүйерлерге таныс болары анық. Өйткені қайбір жылдары «Торпедо» КСРО Бірінші лигасында чемпион атанып, Жоғары лигада 13 маусым өнер көрсеткен. Грузия тәуелсіздігін алған соң «Торпедо» Умаглеси лигасында төрт мәрте чемпион болған. Еурододаға 1998 жылдан бері қатысып келеді. 2012/13 жылғы маусымда Еуропа лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде «Ақтөбемен» кездескен. Қос матчтың қорытындысы бойынша 2:1 есебімен есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалған. Тарихындағы үздік көрсеткішке былтыр қол жеткізген. Еуропа лигасының топтық кезеңіне бір қадам жерде Болгарияның «Лудогорец» командасынан ұтылып қалды.