Футбол деген бір ғажап!
Футзал

Төрттік финал қатысушысы: «Қайрат»

Төрттік финал қатысушысы: «Қайрат»
news-banner7
mobile-news-top

2018/19 жылғы футзалдан UEFA Чемпиондар лигасының Төрттік финалы Алматы қаласында өткелі жатыр. Алматыда қазақ футзалының мақтанышы «Қайраттан» бөлек, «Спортинг» (Португалия), «Интер» (Испания), «Барселона» (Испания) командалары өнер көрсетеді, деп жазады Prosports.kz сайты.

Аталған төрт команда да — Еуропа футзалының сорпа бетіне шығарлары. Кез келгені Алатау баурайында топ жаруы мүмкін. Бірақ, турнирдің қазіргі сәттегі чемпионы «Интер» Алматыдағы бәсекенің басты фаворит саналады. Соңғы екі маусымда қарсылас шыдатпай жүрген испаниялықтар Алматыға тағы жеңіке жетсе, қатарынан үш мәрте чемпион атанған алғашқы команда ретінде тарихқа енеді.

Ал олардың бұл арманына бөгет болғысы келетін командалардың бірі — «Қайрат». Біз бүгін жарыс қожайындарының өткен тарихын талдап, биылғы турнидегі мүмкіндігін таразылаймыз.

«Қайрат» (Алматы, Қазақстан)

Клуб жетістіктері

Қазақстан Чемпионы: 1995/96, 2003/04, 2004/05, 2005/06, 2006/07, 2007/08, 2008/09, 2009/10, 2010/11, 2011/12, 2012/13, 2013/14, 2014/15, 2015/16, 2016/17, 2017/18, 2018/19

Қазақстан кубогының жеңімпазы: 1999, 2000, 2004, 2005, 2006, 2007, 2008, 2009, 2012, 2013, 2014, 2015, 2016, 2017

Қазақстан Суперкубогының жеңімпазы: 2012, 2013, 2014, 2018

УЕФА кубогының жеңімпазы: 2012/13, 2014/2015

Әлем Суперкубогының жеңімпазы: 2014

Еременко кубогы жеңімпазы: 2014, 2016, 2017, 2018

Тарихы

«Қайрат» – Төрттік финалға қатысқалы отырған командалардың ішіндегі ең «жас» команда.

Клубтың іргесі 1995 жылы қаланды. Алғашқы атауы «Кайнур» болатын. Алматылық клуб үлкен спортқа қосыла сала жақсы нәтиже көрсетті. 1996 жылы қыста команда ел чемпионатын жеңіп алды.

Команда осыдан кейін бірнеше жыл ел біріншігінде сәтсіз өнер көрсетті. Есесіне Қазақстан кубогында жолдары болды. 1997 жылы финалға, 1998 жылы жартылай финалға жеткен олар 1999 және 2000 жылдары ел кубогында топ жарды.

Бірақ сәттіліктің сара жолы алматылық команданы көп күттірген жоқ. 2003/04 жылы атауын «Қайрат» деп ауыстырғаннан бастап Қазақстан чемпионатында қарсылас шыдатпай жүр. Сол жылдан бері «Қайраттан» чемпиондық атақты тартып алу еш команданың қолынан келген жоқ. Өткен аптада ғана команда 16-шы рет ел чемпионатын жеңіп алды.

«Қайраттың» бұл толағай табысын командаға Бразилиядан келген легионерлерді тартудан бөле қарауға болмайды. Командаға келген легионерлер сапасыз емес, шетінен мықтылар. Сол легионерлердің арқасында жерлік жастардың футзалға бейімі тез артып, «Қайраттың» ғана емес, ұлттық құраманың да деңгейі тәп-тәуір өсті.

Клуб тізгінін бразилиялық бапкерлерге сеніп тапсыру тәжірибесі де өз жемісін берді: Пауло Аугусто, Файсал Сааб, Жозе Алесио, Барбоза, Какау. Қазіргі бапкер Кака.

«Қайрат» 2004/05 жылы УЕФА кубогында дебют жасады. Ал келесі жылы бірінші мәрте Төрттік финалға қатысты. Бірақ, жартылай финалда мәскеулік «Динамоға» есе жіберді. Ал 2008-09 жылғы маусымда УЕФА кубогының қола жүлдегері атанды.

Алматылықтар көп күткен жеңіске 2013 жылы қол жеткізді. Какау шәкірттері Тбилисиде өткен Төрттік финалдың ақтық сынында Мәскеудің «Динамосын» 4:3 есебімен жеңіп, УЕФА кубогында топ жарды. Осылайша, Қазақстанға алғашқы халықаралық ірі трофейді алып келді.

Араға бір жыл салып «Қайрат» Еуропаның басты турнирін қайта жеңіп алды. 2015 жылы Лиссабонда өткен финалда «Барселонаны» тізерлетті (3:2). Дәл осы ойын футзал тарихындағы ең үздік ойындардың бірі деп бағаланған болатын.

Құрамы

«Қайраттың» құрамы жайлы сөз еткенде - қақпашы Игитаны айтпау мүмкін емес.

Футзал жанкүйерлеріне Игитаның қандай қақпашы екені жайлы айтып жатудың өзі артық. Футзалдан аз болса да хабары бар адамның өзі Игита туралы біледі.

Қақпашы «Қайратты» Какау баптап жүрген жылдары мини-футболдан жаңа ерекшелікті елге таныстырды. Доп өз командасында болғанда ол шабуылға еркін шығады. Осылайша, шабуылда сан артықшылығын тудыратын 5-ші ойыншының рөлін ойнайды. Оған қоса Игитаның керемет соққысы бар. Соның арқасында үнемі гол соғып жүреді.

Игита жақында кезекті мәрте «Жыл қақпашы» атағын жеңіп алды.

«Қайрат» сапында Игитадан өзге де үздік ойыншылар жетерлік. Биыл құрамын көп нығайтпағанымен, бұрынғы деңгейін әлсіреткен жоқ. Оның үстіне бапкерін ауыстырған алматылық команда енді жаңа ойын стилін көрсететін болады. Сондай-ақ ұжымда ойнайтын Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов сияқты жас қазақстандықтарды да айта кету керек. Олар алғаш рет мынадай үлкен турнирге қатысқалы отыр. Демек, өз жанкүйерлерінің алдында барын салады деген сөз. Олар тіпті осы кезекті Төрттік финалдың басты жұлдызына айналып жатса таң қалмаңыз.

Бас бапкер

Команда тізгінін ұзақ уақыт ұстаған Какау кеткен соң «Қайраттың» лайықты бапкер таба алуы қиындау көрінген.

Алайда, тағы бір бразилиялық маман Кака алматылық клубқа жақсы таңдау болды. Команда Чемпиондар Лигасының іріктеу кезеңінде бірде-бір ойында жеңілмей, финалға жолдама алды.

Оның жұмысын клуб президенті Қайрат Оразбеков та жоғары бағалап отыр. Клуб Президентінің айтуынша, бас бапкер Кака мен оның көмекшісі Сергей Коридзе алдағы екі-үш жылда Еуропадағы ең үздік команданы дайындап шыға алады.

Алдағы Төрттік финал Кака үшін басты сынақ болмақ. Ол өзінің баспасөз мәслихатында Алматыда жүлдеге жетуді қалайтынын жеткізген болатын.

Команданың мүмкіндігі

«Қайрат» Төрттік финалды осымен үшінші мәрте өз алаңында өткізгелі отыр. Осының алдында Алматыда екі мәрте жанкүйерлеріне қуаныш сыйлай алмаған «Қайрат» осы жолы барын салары сөзсіз.

Егер объективті көзқараспен қарар болсақ, онда «Қайраттың» тым құрығанда финалға шығатын мүмкіндігі бар. Ол үшін жартылай финалда көне қарсыласы «Барселонаны» жеңуі керек.

Қос команда 2013 жылы жартылай финалда кездесті. Ол кезде қазақстандық ұжым 5:4 есебімен басым түсіп, финалға жолдама алды. Осыдан кейін араға екі жыл салып ақтық сында жолдары түйісті. Ол кезде де «Қайрат» жеңіс тойын тойлады. Финалдағы есеп — 3:2.

Шынын айтқанда, Алматыда «Қайрат» жеңіске жете алады деп болжауға әбден мүмкіндік бар. Жоғарыда айтқанымыздай, турнир өз алаңында үшінші рет өтеді. Тәжірибе жеткілікті. Жанкүйер қолдауы тағы бар. Командада жас ойыншылардың жігері мен сақа ойыншылардың тәжірибесі ұштасқан. Оның үстіне бас бапкері Кака да чемпиондықтың дәмін татқан тәжірибелі маман.

Қуаныш Қаппас

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер