Спорттың дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға
28 жыл бойы Қазақстан Президенті лауазымында болған Нұрсұлтан Назарбаев 19 наурыз күні өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. Prosports.kz Елбасы ел тізгінін ұстаған жылдары Қазастанда қандай ауқымды спорт шаралары болғанын еске алады.
Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі - спортқа етене жақын азамат. Жас кезінде күреспен айналысып, шымыр болып өскені өзінің авторлық кітаптарында айтылады. Экс-Президент егде жасқа келген уақытта да, спортпен шұғылдануын тоқтатпады. Суға жүзді, теннис ойнады, «Шымбұлаққа» барып шаңғы тепті.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Президент болған жылдары спортшыларға үнемі қолдауын білдірді. Тіпті, боксшы Серік Сәпиев Бейжің Олимпиадасынан құр қол келгенде де. Илья Ильин допинг дауына іліккенде де спортшыларға демеу көрсетті.

Назарбаевтың дәуірінде қазақстандық спортшылар 6 жазғы (69 медаль) және 7 қысқы Олимпиадаға (8 медаль) барды. Елімізде екі айтулы спорт додасы, 7-ші қысқы Азия ойындары мен 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындары өтті. Бұдан бөлек, бокстан, дзюдодан, ауыр атлетикадан әлем чемпионаттары ұйымдастырылды.

Нұрсұлтан Әбішұлының ең қатты құрметтейтін спортшысы - Рафаль Надаль. 2015 жылы Қазақстан теннис федерациясының ұйытқы болуымен танымал спортшы Астанаға келіп, Елбасымен жолықты.

Нұрсұлтан Назарбаев басшылықта болған жылдары «Барыс» хоккей клубы, «Astana Рro Тeam», «Astana Arlans» секілді әлемге әйгілі клубтар пайда болды.

Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз ел халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасауда. Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту - мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Биылғы Жолдауда 2020 жылға дейін Қазақстан халқының отыз пайызын бұқаралық спортқа тарту туралы айтылды. Спорт - елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Тәуелсіздік жылдары ел спортшылары халықаралық ірі жарыстарда топ жарып, көк байрағымыз асқақтай түсуде.