Катарда жарысқа шықпай қалған Илья Ильин мәлімдеме жасады
Ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин Instagram-дағы парақшасында неліктен Катардағы турнирдің тұғырына көтерілмегенін түсіндірді.
Зілтемірші алдымен Дохада жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленген Қазақстан құрамасын құттықтады.
"Жігіттер жарады, осындай ауыр жылдың соңында барлығы ес жиып, еліміз үшін турнир Кубогын жеңіп алды! Біз бірінші!", — деп жазды Илья Ильин.
Сонымен қатар ол 2020 жылғы Олимпиадаға лицензия беретін маңызды жарысқа қатыспау себебін мәлімдеді. Айтуынша, омыртқасындағы жарақаты кедергі болған.
"Иә, мен қатысқан жоқпын, омыртқамда проблема бар екенін сіздер білесіздер, ол бір айда шешілмейді. Қазіргі таңда емделіп жүрмін, жарыстарға қатысуды 2019 жылдың сәуірінде Қытайдағы Азия чемпионатынан бастаймын", — деп атап өтті зілтемірші.
Ильин турнирлерде тұғырға шықпайтынын білсе де, неліктен Қазақстан құрамасы тізімінде аты-жөні жүргенін түсіндірді. Оның айтуынша, Токиодағы Олимпиадаға жолдама алу үшін, жаңа ереже бойынша, атлет алты халықаралық жарысқа қатысуы тиіс, оның төртеуіндегі үздік нәтижесі есепке алынады.
"Енді менде жарыстарды өткізетін мүмкіндік жоқ, төрт турнирге қатысуым керек. Қай жарыстарға баратынмызды әлі ойланып жатырмыз, ал Азия чемпионатына қатысуға тиіспін", — деп жазды спортшы.
Ильин бұған дейін омыртқадағы жарақатына байланысты спорттық карьерасын аяқтауы мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Денсаулығына байланысты ол күзде Түрікменстанда өткен әлем чемпионатына қатыса алмады.