Футбол деген бір ғажап!

Қазақстан – Грузия: Негізгі құрамда кімдер ойнайды

Қазақстан – Грузия: Негізгі құрамда кімдер ойнайды
news-banner7
mobile-news-top

6 қыркүйек Астана төрінде тарихи турнирдің тұсауы кесілмек. Еуропа футбол қауымдастығының жаңа жобасы «Ұлттар лигасы» турнирінің тұңғыш матчы Қазақстан мен Грузия құрамаларының арасында өтеді, деп жазады prosports.kz.

Бородюк сынды біліксіз бапкердің бастауында жеңілістен көз ашпаған Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 жылдың табалдырығын сәтті аттады. Құрама тізгінін болгариялық маман Станимир Стоилов ұстағалы жанкүйер жүрегіне үміт ұшқыны ұялаған. Алайда, мақтаулы маман да әлі үлкен сынақтың тезінен өткен жоқ. Бар болғаны шәкірттері үш жолдастық кездесуде сәтті өнер көрсетті. Көктемде Венгрияны жеңіп (3:2), Болгариядан жеңілген (1:2) Қазақстан құрамасы жазда Әзірбайжан футболшыларын қарсылас құрлы көрген жоқ (3:0). Бұл нәтижелер біздің көңілімізден шығып, шаттыққа бөлегенімен қуануға әлі ерте екенін ескерткіміз келеді. Анық сын алда!

«Ұлттар лигасы» UEFA-ның жаңа туындысы екенін айттық. Бұл турнир бұрынғы жолдастық кездесулердің орнын баспақ. Бірақ, жолдастық кездесуден артықшылығы ресми турнирге бір табан жақын. Оның үстіне Еуропа чемпионатына жол ашатын мүмкіндігі тағы бар. Қарт құрлықтың барлық құрамасы төрт дивизионға бөлінген. Құраманың қарым-қабілетіне қарай. Біздің құрама әрине ең төменгі, төртінші дивизионға орналасқан. «D» лигасы деп аталады. Бұның өзі іштей төрт топқа бөлінеді.

undefined

Бұл лигада UEFA рейтингісіндегі соңғы 16 құрама жиналған – Әзірбайжан, Македония, Беларусь, Грузия, Армения, Латвия, Фарер аралдары, Люксембург, Қазақстан, Молдова, Лихтенштейн, Мальта, Андорра, Косово, Сан-Марино, Гибралтар. Біздің футболшылар Бірінші топта бақ сынайды. Қарсыластары — Грузия, Андорра, Латвия. Алдымен өз тобымызда бірінші орын алсақ, сосын өзге үш топтың жеңімпазымен Еуропа чемпионатына берілер бір жолдамаға таласамыз.

Ойын ережесі осындай. Енді турнир басталады. Біздің топта Грузия құрамасының бәсі сәл жоғары. Еуропада доп тебетін ойыншылары көп. Бізге арман болған ірі лигаларда грузин футболшылары өріп жүр. Италия, Испания, Бельгия, Швейцария чемпионаттарында грузиялық ойыншылар өнер көрсетеді. Тіпті, бізге алынбас қамалдай болған Ресей Премьер лигасы бұлар үшін қатардағы қарапайым чемпионат ғана. Ал қазақстандық футболшылардың өз елімізден ұзап шыға алмай, ауыл үйдің арасын айналсоқтап жүргені тағы бар.

Бұл сөзді ақпарат құралдары мен жанкүйерлер арасында біздің топтың фавориті Қазақстан құрамасы деген қате түсінік қалыптаспас үшін айтып отырмыз. Әйтпесе, көз алдағы алдамшы нәтижені малданып жүріп, нағыз сын сағатта сан соққан сәтіміз аз емес. Мысал үшін айта кетейік, «Қайрат» футбол клубы Еуропа лигасында екі жыл қатарынан өзінен әлсіз саналатын командалардан өте алмай қалды. Өткен жылы жеребеде албаниялық «Скендербе́у», биыл чехиялық «Сигма» түскенде жанкүйерлер мен кейбір БАҚ алматылықтарды келесі кезеңге алдын-ала өткізіп тастаған еді. Ал нәтижесі не болғаны бәрімізге белгілі.

Біздің негізгі мақсат Стоилов Грузияға қарсы кімдерді негізгі құрамда шығаратынын сараптап көру болатын. Бірақ, анығын айтқанда сараптайтын да ештеңесі жоқ. Премьер лигада тұрақты өнер көрсететін өзі аз ғана қазақстандық футболшылардың ұлттық құрамада негізгі құрамға жарайтыны саусақпен санарлық деуге болады. Ел чемпионатындағы командалар көбіне легионерлерге иек артады. Шынын айтқанда, осы жолы ұлттық құрамаға шақыртылған ойыншылардың тең жартысы өз командасының қосалқы құрам орындығын тоздырып жүргендер. Сонда да Станимир сенер сырттандарды саралап көрейік.

undefined

Алдымен құрамаға шақырту алған ойыншылар тізімі:

Қақпашылар: Ненад Эрич («Астана»), Владимир Плотников («Қайрат»), Дмитро Непогодов («Тобыл»);

Қорғаушылар: Сергей Малый, Евгений Постников, Дмитрий Шомко, Абзал Бейсебеков, Юрий Логвиненко (барлығы - «Астана»), Ғафуржан Сүйімбаев, Айбол Әбікен (екеуі де - «Қайрат»), Дмитрий Мирошниченко («Тобыл»);

Жартылай қорғаушылар: Думан Нәрзілдаев («Қайсар»), Исламбек Қуат, Бауыржан Исламхан, Ян Вороговский, Георгий Жуков (барлығы - «Қайрат»), Бактиер Зайнутдинов, Серікжан Мужиков (екеуі де - «Астана»);

Шабуылшылар: Еркебұлан Тұңғышбаев («Ордабасы»), Алексей Щеткин, Роман Муртазаев (екеуі де - «Астана»), Бауыржан Тұрысбек («Тобыл»), Еркебулан Сейдахмет («Уфа», Ресей).

Қақпаны Ненад Эрич қорғайтынына біздің де, жанкүйерлердің де дауы жоқ екені сөзсіз. «Астана» сапында үздік өнер көрсетіп жүрген Эричтің туған елі Сербия болса да қазақстандық жанкүйерлер оны отандасым деп ортаға тартуға дайын. Әрі бұрынғы шәкіртіне Станимир Стоилов та сенім артады.

Қорғаушылар, сол қапталда сөзсіз Дмитрий Шомко негізгі құрамда шығады. Елордалық команданың тағы бір үздік ойыншысы. Шомконың шеберлігіне ешкім шек келтірмейді. Бас бапкердің капитандық міндетті Бауыржаннан алып, осы Шомкоға бергенінен-ақ оның құрамадағы орнын біле беруге болатын шығар. Осыдан бір-екі жыл бұрын «Қайрат» қорғаушысы Ғафуржан Сүйімбаев керемет өнер көрсетіп, Шомкоға лайықты қарсылас болған еді. Алайда, алматылық команданың тізгінін біліксіз маман Карлос Феррер ұстағалы Сүйімбаев футболынан сән кетті. Дәл қазір ол Дмитрийдің теңі емес.



Орталық қорғаушылар да «Астана» ойыншылары. Біздің ойымызша, Сергей Малый мен Евгений Постников негізгі құрамда шығуы мүмкін. Соңғысы «Астана» сапында тұрақты өнер көрсетіп жүр. Ал Сергей қосалқы құрам ойыншысы. Алайда, Юрий Логвиненкомен салыстырғанда көбірек ойнап жүр. Неге екені белгісіз, соңғы кездері еліміздің ең үздік қорғаушысы Юрий бабын мүлде жоғалтып алды. Алған жарақаты аяғына тұсау болып жүр ме, әйтеу, Логвиненко клубта да, құрамада да негізгі құрамдағы орнынан айрылып қалды.

Оң қапталда тағы бір елордалық ойыншы Абзал Бейсебеков өнер көрсетуге лайық. «Астана» сапында ең көп ойын өткізген футболшылардың бірі саналатын Абзал Еурокубоктарға да жиі қатысып, мол тәжірибе жинады. «Астанаға» сербиялық Антонио Рукавина келгелі қосалқы құрамда отырғанымен, Қазақстан құрамасында Абзалдан артық оң қанат қорғаушысы жоқ.

Жартылай қорғаныста «Қайраттың» қос мықтысы, құрдастар - Исламбек Қуат пен Бауыржан Исламханға «астаналық» Серікжан Мужиков көмектеседі деп ойлаймыз. Себебі, қазіргі таңда еліміздегі ең мықты жартылай қорғаушылар осылар. Георгий Жуков, Бактиер Зайнутдинов сынды талантты ойыншылар болғанымен, бұларда ойын тәжірибесі өте кемшіл. Бірақ, қосалқы құрамнан шығып ойынды күшейтуге дайын.

undefined

Ал шабуыл шебіне Еркебұлан Тұңғышбаев, Алексей Щеткин, Роман Муртазаев үштігі жауап беруі мүмкін. Десе де, бұлардың ішінде таза шабуылшы Щеткин ғана. Біздің Бауыржан Тұрысбекті емес Алексейді атап отырғанымыз да сондықтан. Бір құрамаға тоғыздықта ойнай алатын бір шабуылшы керек-ақ. Ал доп теппегелі жарым жылдан асқан жас шабуылшы Еркебұлан Сейдахметтің ойынға қаншалық дайын екенін білмейміз.

Негізгі құрамда кімді шығару керек екенін біз емес бас бапкер шешеді. Алайда, Стоилов бапкер қанша толғанса да қолында бар ойыншылары осы ғана. Ел күтпеген тосын сый жасауға еш мүмкіндік жоқ. Барымен базар!

Қуаныш Қаппас

Фото: ҚФФ

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер