«Астана» баскетбол клубы құрамын жаңа ойыншылармен күшейтті
«Астана» баскетбол клубы жаңа маусым қарсаңында құрамын төрт жаңа ойыншымен күшейтті. Оның екеуі шетелдік легионерлер болса, екеуі қазақ баскетболының түлегі, деп хабарлайды prosports.kz сайты «Астана» Президенттік кәсіпқой спорт клубының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетейік, өткен маусымда «Астана» ВТБ Бірыңғай лигасын 10-шы орынмен аяқтап, плей-офф кезеңіне шыға алмай қалған болатын. Биыл клуб басшылығы команданың жаңа бас бапкері Эмиль Райковичтің алдына қалайда үздік сегіздіктің қатарынан көрінуді тапсырды. Осы орайда клуб қазір құрамын күшейту жұмыстарымен айналысып жатыр.
Бүрсігүні клуб «Астана» америкалық орталық ойыншы Джэффри Гроселлмен бір жылдық келісімшартқа отырды. 25 жастағы легионердің бойы да баршылық – 212 см. Өткен маусымды Бундеслигада өткізіп, орта есеппен әр ойында 10,2 ұпай жинап отырған.
Сондай-ақ, команда қатарын тағы бір америкалық ойыншы Джалил Обрайн толықтырды. Бойы екі метрден асатын шабуылшы бұған дейін Америка асып көрмеген екен. Сан Диегоның тумасы Юта және Сан Диего Стэйт колледжерінің намысын қорғаған. 2016 жылы «Юта Джаздың» негізгі командасымен келісімшартқа отырыпты. Былтыр «Аква Калиентэ Клипперс» сапында өнер көрсетті.
Бұлардан бөлек, команда құрамын қос қазақстандық жастар Руслан Айтақали мен Асқар Майдекин толықтырды. Асқар Қарағанды баскетбол мектебінің түлегі. Қазақстан ұлттық құрамасына да шақыртылып жүр. Ал Руслан Ақтөбеде туып өскен. Дегенмен, Алматыдағы республикалық мектеп интернатында оқып, «Астанаға» дейін «Алматинский легион» командасында шабуылдаушы қорғаушы позициясында өнер көрсеткен.
Биыл ВТБ Бірыңғай лигасы қазан айында басталып, 2019 жылдың маусым айына дейін созылады.