Алексей Луценко «Аустрия туры» жайлы: Бұл мен үшін өте маңызды жеңіс
«Астана» велоклубының шабандозы, жақында ғана Қазақстан чемпионы атанған Алексей Луценко «Аустрия турында» 6-шы кезеңнің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.
- Жарыстың алғашқы 60 шақырымы өте қиын болды. Өйткені, бәрі де алға ұзап кеткісі келген. Дегенмен, командаластарым Жандос Бижігітов пен Андрей Зейтцке алғыс айтқым келеді. Қарқындарын төмендетпей, мені ілестіріп алды да, пелетонның бас жағына дейін шығарып салды. Ары қарайғы шаруа менің еншімде еді, суырылып алға шықтым. Бұл мен үшін өте маңызды жеңіс. «Джиро д’Италия» жарысынан кейін жақсы демалып, Қазақстан чемпионы атандым да, маусымды жаңа күшпен жалғастыруға мүмкіндік алдым, - деп келтіреді Алексей Луценконың жарыстан кейінгі сөзін Presidential Club сайты.
Жарыс жолына шыққан 126 шабандоздың ішінде алдына жан салмай, тек желмен жарысқан Алексей Луценко басты бәсекелесі словениялық Матей Мохоричтен жеті секундқа озып кетті. Бұл Книттелфелд пен Венигцелл қалаларының арасын жалғап жатқан 176,9 шақырымдық жарыс болатын. Мәреге 80 шақырым қалғанда «Бахрейн-Мерида» клубындағы бәсекелесі Матей Мохоричпен бірге шабуылға шыққан Луценко бірден негізгі пелетоннан озып кетті. Соңдарынан 6 шабандоз қуғанымен словениялықпен бірге жұп құраған жерлесіміз оларды 55 секундтық қашықтықта ұстап тұрды. Ал мәреге 15 шақырым қалғанда Мохорич алға ұзап кетуге тырысқан. Бірақ, Луценко оның бұл ойын жүзеге асырмады. Бірден қарымта шабуылға көшіп, керісінше словениялықтың өзін сан соқтырды да, жеңіс сызығын бірінші болып қиды.
Айта кетейік, бұл Алексей Луценконың ел чемпионы ретіндегі алғашқы жарысы. Сондықтан, «Аустрия турында» жерлесіміз жарысқа кеудесінде қыран қалықтаған чемпиондық жейдені киіп шықты. Луценко 6-шы кезеңнің жеңімпазы атанса, «астаналық» Дарио Катальдо үздік ондықтан көрінді.
Ал жалпы есепте Дарио Катальдо үздік үштікте. Ол көш басындағы бельгиялық Бен Германстан 48 секундқа қалып келеді. Екінші орында аустриялық Герман Пернстейнер.