Қуат Хамитов: Еліме тіл тигізгенде қарап тұрмаймын!
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Қуат «Найман» Хамитов армян спортшысы Давид Хачатрянды октагонда кездесуге шақырды.
Оның себебі, армениялық спортшы өзінің Instagram парақшасында Қуат Хамитовке «тыныш жүріп, еліңде ет жеп жатқаның жөн» деп кеңес берген болатын. Бұған жауап ретінде «Найман» бірден Давид Хачатрянды жекпе-жекке шақырды. Prosports.kz сайтына берген сұқбатында Қуат Хамитов армениялық спортшымен жаздың соңғы айында жекпе-жек өткізуі мүмкін екенін айтты.
- Хачатрянмен жекпе-жек өткізу бұрыннан ойымда болған. Көктемде Армения елінде онымен жекпе-жек өткізу туралы ұсыныс болған. Алайда ол менімен екінші рет жұдырықтасқысы келмеді. Менің орныма Куиллиді таңдады. Жекпе-жектің алдында Fight Nights арнасына берген сұқбатымда Питер Куиллі кездесуді уақытынан бұрын аяқтайды деп айтқан болатынмын. Осыдан соң Хачатрян менің намысыма тиетін сөздерді айтты. Оның бұлай айтатындай ешқандай себебі болған жоқ еді. Сол себепті оны жекпе-жекке шақырдым. Октагонда неге күші жететінін көрейік. Менің қолдарым оны айтқан сөздеріне жауап беруге мәжбүрлейтін болады. Кейбіреуі менің намысыма тиетін сөздер айтуы мүмкін, алайда ешкім менің отбасым мен еліме сөз тигізе алмайды.
- Fight Nights ұйымы сіздің Хачатрянмен жекпе-жек өткізуі мүмкін бе?
- Әрине. Менің білуімше, жанкүйерлер бұл жекпе-жекті тамыз айында көріп қалуы ғажап емес.